Accessibility links

Қытай құрамасындағы қазақ конькиші "ұлты үшін қуанышты", бірақ Шыңжаң жайлы айтқысы келмейді


Шыңжаң қазағы Ақнар Адаққызы Қытай құрамасы сапында Пекин олимпиадасына қатысып жатыр. 7 ақпан 2022 жыл.
Шыңжаң қазағы Ақнар Адаққызы Қытай құрамасы сапында Пекин олимпиадасына қатысып жатыр. 7 ақпан 2022 жыл.

Шыңжаң қазағы Ақнар Адаққызы Қытай құрамасы сапында конькиден Пекин олимпиадасына қатысып жатыр. Жарыстан соң Азаттық тілшісі қазақ конькишіден карьерасы, отбасы, Шыңжаңдағы жағдай жайлы сұрады.

"ҚАЗАҚ ҮШІН ЕРЕКШЕ ҚУАНЫП ТҰРМЫН"

3000 метрлік жарыс. 22 жастағы Ақнар Адаққызы германиялық 49 жастағы Клаудия Пехштейнмен бірге жарыс жолына шықты. Ақнар мұндай ірі жарысқа алғаш қатысып жатса, Пехштейн үшін бұл тоғызыншы олимпиада. Германия конькишісі 1994 жылы Лиллехамерде, 1998 жылы Наганода олимпиада чемпионы болған кезде Ақнар дүниеге келмеген еді.

Ақнар Адаққызы (сол жақта) мен германиялық Клаудия Пехштейн 3000 метрлік жарыста. Пекин, 5 акпан 2022 жыл.
Ақнар Адаққызы (сол жақта) мен германиялық Клаудия Пехштейн 3000 метрлік жарыста. Пекин, 5 акпан 2022 жыл.

Пекинде 3000 метрлік жарыста Адаққызы 17-орын, Пехштейн 20-орыннан көрінді. Жарыстан кейін тілшілер конькишімен тілдесті.

- Қазақ үшін ерекше қуанып тұрмын. Аз ұлт атынан жарысқа қатысу, олимпиадада күрескерлік таныту мен үшін мақтаныш. Мемлекетім үшін жарысқа қатысу – мен үшін абырой, даңқты іс. Мұны айтып жеткізу мүмкін емес, қатты толқып тұрмын. Өз елімде бірінші рет осындай ірі жарысқа қатыстым. Бұл – болашағым үшін үлкен бастама. Осы жарыстан алған тәжірибем мен рухымды келесі жарыстарға пайдаланамын деп үміттенемін. Отбасым Шыңжаңда теледидардан көріп, қуанып отырған шығар, - деді спортшы.

Ақнарға ұйғыр, қазақ және басқа да мұсылмандарға қысым жасалып жатқаны жайлы да сұрақ қойдым. Бұл сауалды халықаралық агенттіктің тілшілері де сұрады.

-Қазір олимпиадаға көңіл бөліп, сол туралы айтсақ, - деп ол бұл сұраққа жауап беруден бас тартты.

БҰҰ мен басқа да халықаралық құқық қорғаушылар Пекин Шыңжаңда миллионға жуық ұйғыр, қазақ және басқа да мұсылмандарды лагерьлерге жазықсыз қамап, жұмысқа жегіп, бала тууды шектеп жатыр деп мәлімдеген. АҚШ, Ұлыбритания, Австралия бастаған бірнеше ел Шыңжаңдағы жағдайға байланысты Пекин олимпиадасына дипломатиялық бойкот жариялаған еді.

Қытай спортшылары Пекин олимпиадасында дипломатиялық бойкот жайлы айтудан қашатыны байқалады.

Ақнар Адаққызы Пекин олимпиадасында. 5 ақпан 2022 жыл.
Ақнар Адаққызы Пекин олимпиадасында. 5 ақпан 2022 жыл.

Ақнар олимпиадада жүлде алу және әлемдік лидерлермен бәсекелесу қиын екенін түсінеді.

- Жарысқа шыққанда өзіммен өзім бәсекелестім. Бар күшімді салып сырғанап, бұрынғы "өзімді" жеңдім. Себебі олимпиадада жеке нәтижемді жақсарттым. Яғни, бұрынғы жарыстармен салыстырғанда жақсы нәтиже көрсеттім, бірақ әлі жақсартуға мүмкіндік бар. Қай жерден әлсіз екенімді сеземін. Бұл олимпиадада жүлде жайлы ойламаймын, бастысы жарысқа қатысып, ләззат алсам болды. Алдағы жарыстарда жақсы нәтиже көрсетуге тырысамын. Атақты неміс спортшымен (Клаудия Пехштейнді айтады – ред.) бірге жарысқан да рух сыйлады. Себебі бұрын оны теледидардан ғана көріп, оған еліктейтін едім, енді бірге жарысқа түстім, - деді ол.

АҚНАР ОЛИМПИАДА ЖОЛДАМАСЫН ҚАЛАЙ АЛДЫ?

Ақнарды "Қытай конькиінің атасы" атанып кеткен Синь Цяшань жаттықтырады. Конькиден Қытайдан шыққан тұңғыш олимпиада чемпионы Ян Янды баптаған Цяшань Ақнар жайлы Sports Data Warehouse агенттігіне "нәтижесі қатты жақсарды, бірақ әлемдік мықтылармен бәсекелесу үшін әлі көп жұмыс істеу керек" деген.

Шыңжаң өлкесі Құтыби ауданында дүниеге келген Ақнар 2009 жылы шорт-трекпен айналыса бастайды. 2012 жылы әкесі қатты ауырып, өмірден өткен соң анасы Хайнұрға көмектесу үшін жаттығуын тоқтатады. Кейін 2014 жылы мұз айдынға қайта оралып, Шыңжаң өлкесінің чемпионатында бестікке еніп, аймақтың құрамасына қабылданады.

Бірақ шорт-трек спортынан Қытайдың ішіндегі бәсекелестік тым жоғары болған соң 2018 жылы коньки спортына ауысқан. Конькиге ауысқан соң алты айдың ішінде Ақнар Хельсинкиде өткен жастар арасындағы әлем кубогында 1500 метрде күміс медаль алған еді.

Ақнар Адаққызы Пекин олимпиадасында 1500, 3000 және 5000 метрде сынға түспек.
Ақнар Адаққызы Пекин олимпиадасында 1500, 3000 және 5000 метрде сынға түспек.

Ал 2019 жылы конькиден алғаш рет Қытай чемпионатына қатысып, 5000 метрде алтын, 3000 күміс медаль иеленді. Бұған қоса, 2021 жылы 3000 метрге жүгіруден де Қытай чемпионы атанып, Пекин олимпиадасына жолдама алған.

Sports Data Warehouse агенттігіне берген сұхбатында Ақнар "қиын сәттерімде анам қолдау білдіргенін" айтқан. Ал анасы Хайнұр "қызым жаттығуда жүргенде үйді сағындым, қайтамын деп жиі жылайтын. Бірақ жұбатып, еңбектен деп айтатын едім" деген.

Ақнар жұрты қысым көріп, аңдуда өмір сүріп жатқан Шыңжаң өлкесінен олимпиадаға қатысып жатқан санаулы спортшының қатарында. Шыңжаңда туған қазақтар Қадыс Беделхан мен Бәния Жәлен шаңғыдан Пекинде жарыс жолына шығады.

Осыған дейін Қытай шыңжаңдық шаңғышы, ұлты ұйғыр Динигер Йиламуцзянды олимпиада алауын жағуға таңдаған еді. Халықаралық ұйымдар мен сарапшылар Қытай ұйғыр спортшысына алау жақтыруын "әдейі жасалған іс" деп сынға алған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG