Accessibility links

"МАЭК – Қазатомөнеркәсіп" екі күн ереуілдеген жұмысшылар тарады деп мәлімдеді. Наразылар өздерін "алдап таратқанын" айтады


Ақтаудағы «Маңғыстау атом энергетика комбинаты (МАЭК) - Қазатомөнеркәсіп» мекемесінің жұмысшылары ереуілдетіп жатыр. 8 ақпан, 2022 жыл.
Ақтаудағы «Маңғыстау атом энергетика комбинаты (МАЭК) - Қазатомөнеркәсіп» мекемесінің жұмысшылары ереуілдетіп жатыр. 8 ақпан, 2022 жыл.

Ақтаудағы "Маңғыстау атом энергетика комбинаты (МАЭК) – Қазатомөнеркәсіп" компаниясының жұмысшылары бірнеше күн ереуілден соң жұмыс орнына оралды деп хабарлады мекеменің баспасөз қызметі. Айтуынша, жұмысшылар 8 ақпан кешкісін тараған.

Компания басшылығы митингіге қатысқандарды қудаламайтынын, мәселені мемлекеттік органдармен бірлесіп шешетінін жеткізген.

"Жұмысшылар көтерген мәселе бір күн ішінде шешіле салмайды. Мұны энергетика министрлігімен бірлесіп шешеміз. Қазір жұмысшылардың айлығын 30 пайызға көтеру мәселесі қаралып жатыр",- деді "МАЭК – Қазатомөнеркәсіп" компаниясының бас директоры Талғат Есентүгелов.

Ал 9 ақпанда Азаттық радиосына сұхбат берген жұмысшылардың бірі Жеміс Бекжанова басшылықтың өздерін "алдап" таратқанын айтады.

- Адамдар [жұмысқа] оралды. Бірақ оларды алдап әкелді. Бұл жағдай арбитраждық комиссия деңгейінде шешілуі тиіс еді. Кеше энергетика вице-министрі келіп, келісім-шартты қайта қараймыз, қудалау болмайды деді. Жұмысшылар соған сеніп, жұмыс орындарына оралған. Бірақ МАЭК басшылығы жалақымыздың 30 пайызға көтерілетіні жазылған өткен күнмен шыққан бұйрықты әкеліп, қорқытып қол қойдыртуға тырысып жатыр, - дейді ол.

МАЭК жұмысшыларының ереуілі дүйсенбі, 7 ақпан күні басталған. Сол түні олар мекеме алдына киіз үй тігіп, қонып шықты.

Жұмысшылардың айтуынша, жұмыс беруші талаптарды орындаудың орнына қысымды күшейте түскен.

МАЭК жұмысшыларының талабы - жалақыны 50-70 пайызға көтеру. Олардың айтуынша, мекемеде қазір 90-120 мың теңге жалақы алады.

- Салықты ұстап қалғанда қолымызға әр жұмысшы санатына қарай 70-100 мың теңге тиеді. Жұмыстың денсаулыққа зияны – басқа әңгіме. Аттестацияға сәйкес мұндай мекемедегі зиянның деңгейі 24%-дан кем болмайтыны белгілі. Алайда олар құжатта МАЭК-тегі зиян деңгейін 8-4% етіп жазу арқылы жұмысшыларды сүтпен, тамақпен қамтамасыз етуден қашып отыр, - дейді Жеміс Бекжанова.

Компанияның баспасөз қызметі оқиғаға қатысты түсініктеме бермеді.

Маңғыстау атом энергетикалық комбинаты аймақтағы өндіріс орындарын және тұрғындарды электр энергиясымен, жылумен және сумен қамтиды. Кәсіпорында 3 645 жұмысшы мен түрлі маман еңбек етеді.

Өткен аптада Маңғыстау аймағында бірнеше компания жұмысшылары наразылық білдірді. Маңғыстау облысы Түпқараған ауданындағы Дунга кен орнын игеріп жатқан "Total" ЖШС, Жаңаөзендегі "Қазақгазөңдеу" зауытының аутсорсинг компаниясы, "КаспийПрофСнаб" пен мұнай компанияларына қызмет көрсететін "Planika" ЖШС жұмысшылары да жалақыны көтеру мен еңбек келісім-шартымен жұмысқа алу талабын айтып, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG