Accessibility links

"Мұнай бар, тамақ жоқ!" Жаңаөзенде наразылық әкімдік ұсынысынан кейін де басылмады. Жиналғандар Қарин мен Айдарбаевтың келуін талап етті


Жаңаөзенде жұмыс талап етіп алаңға жиналғандар қала әкімдігі алдында тұр. 5 ақпан 2022 жыл.
Жаңаөзенде жұмыс талап етіп алаңға жиналғандар қала әкімдігі алдында тұр. 5 ақпан 2022 жыл.

Жаңаөзенде он күннен бері жұмыс сұрап, ереуілдеп тұрған қала тұрғындарымен мәмілеге келуге барған Маңғыстау облысы әкімдігі құрған комиссияға ереуілшілер сенімсіздік жариялайтынын айтты.

Сәрсенбі күні Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Абзал Меңдібаев әкімдік алдында еруілдеп тұрғандарға комиссия ұсынысын жария етті.

– 161 жұмыс орнын ашып отырмыз. Оның 100-і «Өзенмұнайгаз» компаниясына орналасады. 61 адамға жұмыс орны дайын. Олар дәл қазір «Кезби», «Өрт сөндіру», «ФТС», «Альянс», «КПТК», «Мұнайспецснаб», «Құнан», «Батысгеофизика,» Өзенгеофзика» мекемелеріне кіре беруге болады. Бұл - жағдайы өте нашар отбасыларына арналған. Олар сол жерге штатқа кіреді, бірақ жұмыссыздықтың схемасына кірмейді, аутсорсингке бармайды. Жалақылары 200-300 мың арасында болады. Барып жұмыссыздықтан қағаз әкеліп орналаса беруге болады, - деді Абзал Меңдібаев.

Оның сөзін жиналғандар ашумен қабылдады. Олар жинаып тұрғандардың бәрінің де жағдайы ауыр екенін айтты.

– Бәріміздің де жағдайымыз ауыр! Мұнай бар, тамақ жоқ! Біз бір талаппен келіп тұрмыз. «Өзенмұнайгаз» саласынан жаңа мекеме ашсын деп тұрмыз. Соның құрылысын бастасын. Өзіміз салайық, сосын сонда жұмысқа тұрайық. Болды. Біз ешқайда барып еш жерден қағаз әкелмейміз, ешқайда бармаймыз, - деді наразылардың бірі.

Оның сөзін бәрі қоштады. Ереуілшілер лидерінің бірі Жаңабай Нұғыманов облыстық әкімдік құрған комиссия ештеңе шешпейді деп санайтындарын айтты.

– Мына комиссия ештеңе шешпейді. Астанадан «Қазмұнайгаз» бас директоры Алик Айдарбаев келсін, мемлекеттік хатшы Ерлан Карин келсін арамызға, халықты тыңдасын, талабын орындасын. Ал мына комиссияға сенімсіздік білдіреміз, - деді ол.

Абзал Меңдібаевтың «бұл басы, тағы 400 жұмыс орнын ашамыз, зауыт, фабрика салуды қарастырамыз» деген сөзін ешкім тыңдамады.

Жаңаөзенде бірнеше мың адам қаңтардың 31-інен бері қала әкімдігі маңына жиналып, тұрақты мұнай саласында жұмыс орынын ашуды сұрап келеді. Бұған дейін биліктің «мұнай таусылады» деген сөзіне наразылар «жер асты байлығын бірге тауысайық» деп ұсыныс айтқан.

Қарай отырыңыз: Маңғыстауда ереуіл көбейді (9 ақпан 2022 жыл).

Маңғыстауда ереуіл көбейді
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:10 0:00

Жаңаөзенде 163 мың адам тұрады. Бір күн бұрын мәжіліс отырысында Жаңөазенде шамамен 8 мың адамның жұмыссыз екені айтылды. Бұл халықтың 5 пайызына пара-пар. Жаңаөзенде аймақтағы ең ірі мұнай-газ өндіруші мекеме "Өзенмұнайгаз" акционерлік қоғамы орналасқан. Ол Маңғыстау облысындағы Өзен және Қарамандыбас кен орындарын игереді. Компания құрамына кіретін 16 өндірістік құрылымдық бөлімшеде 10 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Жұмыс талап еткендер осы мекемеден тағы бір мұнай-газ өндіруші басқарма ашуды сұрайды.

Жаңаөзендегі жұмыссыздықты жоюды талап еткен жастардың ереуілі 2016 жылы да болған. Қалалық сот 2019 жылы 17 қарашада ереуілшілер лидері Ержан Елшібаевты бес жылға бостандығынан айырған. Белсендіге "біреудің денсаулығына қасақана ауыр зиян келтірді" деген (Қылмыстық кодекстің 106-бабы, 2-бөлімі) айып тағылған еді. Оның үстінен қылмыстық іс қозғауға 2017 жылғы оқиға ілік болған. Кейін 2019 жылғы 25 қарашада әлгі оқиғаға қатысы бар адамдар Елшібаевқа еш талабы жоғын айтса да, апелляция соты үкімді күшінде қалдырды.

Қазақстандық құқық қорғаушылар да "бұл істің саяси астары бар, Елшібаев қоғамдық белсенділігі үшін түрмеге қамалды" деп санайды және оны "саяси тұтқын" деп таныған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG