Шекараны межелеуде тәжірибесі мол Ресей Тәжікстан мен Қырғызстан шекарасын белгілеуде көмектесуге дайын. Ресей сыртқы істер министрінің орынбасары Андрей Руденко осылай деп мәлімдеді.
Шенеуніктер мысал ретінде Ресей мен Қазақстан арасындағы шекараны мәжелеудегі тәжірибесін атап өткен.
"Тәжік-қырғыз шекарасындағы жағдай тынышталмай тұр. Бұл Ресейді де алаңдатады. Барлық мәселені бейбітшілік жолмен шешуге шақырамыз", - деп атап өткен РФ сыртқы істер министрінің орынбасары.
Ресей дипломаты шекарадағы делимитациялау мен демаркациялау мәселесін шешпейінше, қақтығыс бола беруі мүмкін дейді.
Таяуда Ресейдің Қырғызстандағы елшісі Николай Удовиченко да Душанбе мен Бішкекке шекара мәселесін шешуге Мәскеу көмектесуге дайын деп мәлімдеген.
Бұл сөзді былтыр мамыр айы кезінде сыртқы істер министрі Сергей Лавров та айтқан.
Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы шекараның жалпы ұзындығы 970 шақырым. Оның тек 519шақырымы ғана белгіленген. Қалғаны даулы күйінде қалып тұр. Осы даулы аймақта жанжал жиі болады.
ПІКІРЛЕР