Әділет министрлігі "Стати ісі" бойынша алған бағытынан қайтпайтынын мәлімдеді. Молдовалық кәсіпкердің шағымы бойынша өткен түрлі деңгейдегі сот істеріне Қазақстан билігі салық төлеушілердің есебінен жүздеген миллион доллар қаражат жұмсаған.
Осы айдың басында Италия Жоғарғы соты Қазақстанның апелляциялық сот шешіміне түсірген арызын кері қайтарған. Оның алдында Рим соты Нұр-Сұлтанды молдовалық кәсіпкерлер Анатол және Габриэль Статиге 500 миллион доллардан астам ақша төлеуге міндеттеген Швеция арбитраждық сот шешімін құптаған. 2 ақпанда жарияланған Италия Жоғарғы сотының шешімін Стати тарабы жеңіс ретінде бағалап, Италия аумағында Қазақстанның мемлекеттік активтерін бұғаттатуға күш салатынын айтты.
Италия сотының шешіміне түсініктеме берген Қазақстан Әділет министрлігі шешімнің "таза процессуалдық сипаты" барын және Статиге Қазақстан активтеріне қол сұғуға жол бермейтінін айтты. Министрліктің түсіндіруінше, Италия және Рим апелляциялық сотында "негізгі айғақтарды" бағалау мүмкіндігі болмаған. Нұр-Сұлтан "негізгі айғақ" деп Статидің ықтимал заң бұзушылықтарын меңзеп отыр. Министрліктің мәліметінше, ведомство бұл айғақтарға Италияда іс қаралғаннан кейін кешірек қол жеткізген. Министрлік Стати ісі бойынша заңдық стратегиясы өзгермегенін және ведомство "барлық юрисдикция бойынша әділ шешімдерге" қол жеткізуге күш салатынын айтты.
- Молдовалық бизнесмен Стати мен Қазақстан билігі арасындағы сот тартысы он жылға жуықтап қалды. Қазақстанның мұнай саласына инвестиция салған Анатол Стати мен оның ұлы Габриэль Стати Қазақстанның мемлекеттік органдары өзін "инвестициясын тым арзанға сатуға мәжбүрлеу үшін қыспаққа алғанын" айтқан. Нұр-Сұлтан бұл айыптауды терістеп, Статиді "алаяқтық жасады" деп айыптаған.
- 2013 жылы Стокгольм сауда палатасының жанындағы арбитраж трибуналы Статиге 500 миллион доллардан астам қаражатты жығып берген. Қазақстан өтемақыны төлеуден бас тартып, шешімге кәсіпкер заңсыз жолмен қол жеткізді деп мәлімдеп, Статиге қарсы шағым түсірген. Стати Еуропаның бірнеше еліне сот шағымын түсірген. Қазақстан мен молдовалық кәсіпкердің бұл дауы Қазақстанның Батыстағы активтерінің бұғатталуына әкелген.
- Қазақстан әділет министрлігі Статиға қарсы сот дауына қанша ақша жұмсағанын айтпай отыр. Қарсы тараптың айтуынша, Қазақстан сот тартысына 350 миллион доллардан астам қаражат жұмсаған.
- Былтыр жыл соңында Әділет министрлігі Стати үстінен шағым түсіріп, сот шығынын өтеуді талап еткен. Сол кездегі әділет министрі Марат Бекетаев барлық соманы қайтару мүмкін емес деп те мойындаған.
- 2020 жылдың соңында Әділет министрлігі "мемлекет мүддесін қорғау үшін" Нұр-Сұлтан халықаралық соттарға шамамен 12-13 млрд теңге (шамамен 28,1 млн доллар) жұмсайтынын мәлімдеген.
ПІКІРЛЕР