Accessibility links

Шымкентте қаңтар оқиғасына байланысты қамалғандардың төртеуі түрмеден шықты


Қаңтар оқиғасына байланысты ұсталғандардың туыстары мен белсенділер прокуратура алдында тұр. Шымкент, 10 қаңтар 2022 жыл.
Қаңтар оқиғасына байланысты ұсталғандардың туыстары мен белсенділер прокуратура алдында тұр. Шымкент, 10 қаңтар 2022 жыл.

10 ақпан күні түнде Шымкенттегі Сәуле ықшам ауданында орналасқан тергеу изоляторында қаңтар оқиғасына байланысты ұсталып, сот қаулысымен екі айға қамалған 76 адамның төртеуі үйіне шықты. Ақпаратқа қарағанда, олардың бұлтартпас шарасы қамаумен байланысты емес шарамен ауыстырылған.

«Аманат» комиссиясының жетекшісі Абзал Құспанның Facebook парақшасында хабарлауынша, күдікке ілініп қамалған Әбдірасилов, Әжібаев және ағайынды Әсетбек қамаудан босатылған. Бірақ қандай талаппен босатылғаны көрсетілмеген.

Прокуратура босатылғандардың жайы туралы Азаттыққа арнайы хатпен шығуды сұрады.

Ағайынды Әсетбектің туысы Нұржан Тұрлыбек 10 қаңтар күні құқық қорғау органдары мен тәуелсіз қоғамдық комиссия алдында олардың қалай ұсталғанын айтып, қала прокурорының орынбасары Нұржан Сейдалиевтен істі қайта қарауын сұраған.

- Екі інім Құдайберген мен Нұрлыбек автобуста кондуктор болып жұмыс істейді. Жұмыстан арнайы киіммен үйге қайтып бара жатқанда полиция ұстаған. Алғашында үш қылмыстық іспен күдікті деп танып, мойында деп ұрған. Кейіннен алты баппен күдікті деп танып, қамады. Бұл не деген сұмдық? Әділ шешім шығарып, ортамызға қайтарыңыздар, - деді ол.

Сейдалиев жиналғандарға 14 ақпанға дейін қамауда жатқан адамдардың үстінен қозғалған қылмыстық іс пен олардың бас шарасы қайта сараланып, баға берілетінін жеткізген.

Нұржан Тұрлыбек інілері Құдайберген мен Нұрлыбектің 10 ақпан күні түнде қамаудан ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босап шыққанын растады. Олардың үстінен қозғалған қылмыстық істің өзгерген, өзгермегені белгісіз. Екеуінің де жағдайы жақсы.

Соңғы кездері прокуратураға шағымданып жиналып жүргендердің көбінің туысының үстінен Қылмыстық Кодекстің «Терроризм актісі» (255-бап), «Билік өкіліне күш қолдану» (380-бап), «Бөтеннің мүлкін қасақана жою» (202-бап), «Бұзақылық» (293-бап), «Қаруды, оқ-дәріні, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру» (287-бап) және «Ұрлық» деген 188-бабы бойынша іс қозғаған.

Шымкентте қаңтар оқиғасына байланысты 87 адамның үстінен түрлі баппен қылмыстық іс қозғалып, соттың санкциясымен қамауға алынған. Олардың алтауы кепілмен үйіне жіберілген, 4 адам ешқайда кетпеу туралы бұлтартпау шарасымен босатылған. Бір адам прокурормен қылмыстық істен босатылған. 76 адам қамауда жатқан.

Шымкентте наразылық 4-6 қаңтар күні болды. 4 қаңтар күні наразылық бейбіт басталды. Куәгерлер 5 қаңтардан 6 қаңтарға қараған түні оқ атылғанын айтады. Қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, Шымкенттегі қаңтар оқиғасы кезінде 120-дан аса адам түрлі жарақатпен ауруханаларға түскен. 4 ақпан күні олардың 73-іне оқ тигені мәлім болды.

10 ақпан күні қала прокурорының орынбасары Сейдәлиев 4-7 қаңтар күнгі жаппай тәртіпсіздік кезінде 19 адамның қайтыс болғанын, олардың біреуінің кім екені белгісіз деді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG