Accessibility links

"Бәрі өте жылдам өзгеруі мүмкін". Байден Америка азаматтарын Украинадан дереу кетуге шақырды


АҚШ президенті Джо Байден.
АҚШ президенті Джо Байден.

АҚШ президенті Джо Байден "жағдай өте жылдам өзгеруі мүмкін" деп мәлімдеп, Америка азаматтарын Украинадан дереу кетуге шақырды.

"Америка азаматтары дәл қазір кетуі тиіс" деді Байден NBC News телеарнасына берген сұхбатында.

"Әлемдегі ең ірі армиялардың бірімен шаруаға кезігіп отырмыз. Бұл мүлде басқа жағдай және бәрі тез арада жылдам өзгеруі мүмкін" деді Ресей қарулы күштерін меңзеген Байден.

Ол сонымен бірге Ресей тіпті Украинаға басып кірсе де, америкалықтарды құтқару үшін әскер жібермейтінін атап өтті.

"Онда бұл дүниежүзілік соғысқа айналар еді. Америкалықтар мен орыстар бір-біріне оқ ата бастаса, мүлде басқа әлемге тап боламыз" деді Байден.

Оның пікірінше, "егер Владимир Путин [Украинаға] басып кіретіндей ақымақ болмаса, Америка азаматтарына теріс әсер ететіндей ештеңе жасамауға да ақылы жетуі тиіс".

Американың Wall Street Journal басылымы таяуда америкалықтарды Польшадан көшіру жоспары мақұлданғанын хабарлаған. Америкалықтар ол жаққа Украинадан өздері баруы тиіс. Қаңтар айында поляк билігі Ресей басып кірсе, Украинадан келетін босқындарға арналған өткел жасап қойған. Варшава миллионға дейін адамды қабылдауға дайын.

Осы аптада АҚШ мемлекеттік департаменті Украинаны "қызыл тізімге" енгізіп, азаматтарына ол жаққа бармауға кеңес берген. Ведомство "Ресейден әскери қауіп зорайған шақта" Украинадағы барлық азаматтарын елден шұғыл кетуге кеңес берді.

Қаңтар айында АҚШ мемлекеттік департаменті Киевтегі елшілігі қызметкерлеріне өз еркімен Украинадан кетуге рұқсат берген, ал олардың отбасылары ол елде қалмауы тиіс болған. Ұлыбритания мен Канада да дипломаттарын эвакуациялаған. Ізінше олардың қатарына Германия мен Австралия да қосылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG