Accessibility links

"No war in Ukraine". Украиналық спортшы Пекин олимпиадасында Украинаға соғыс ашпауға шақырды


Владислав Гераскевич жарыстан кейін "No war in Ukraine" (Украинада соғыс болмасын) жазуын көрсетіп тұр. Пекин, 11 ақпан 2022 жыл.
Владислав Гераскевич жарыстан кейін "No war in Ukraine" (Украинада соғыс болмасын) жазуын көрсетіп тұр. Пекин, 11 ақпан 2022 жыл.

Пекинде өтіп жатқан қысқы олимпиада ойындарында шана спортынан олимпиадаға қатысқан украиналық Владислав Гераскевич жарыстан кейін Украина туы түстес қағазға жазылған "No war in Ukraine" (Украинада соғыс болмасын) деген жазуды көрсетті. Осы арқылы 23 жастағы Ресей мен Украина арасындағы жағдайдың ушыққанына меңзеді.

"Бұл – менің ұстанымым. Барлық адам сияқты мен де соғысты қаламаймын. Елімде, әлемде бейбітшілік болғанын қалаймын. Ешкім бұл соғысты қаламайды. Ұстанымым үшін, бейбітшілік үшін күресемін" деді спортшы жарыстан соң.

Владислав Гераскевич соғыс пен қару жайлы жаңалықтан Украина жұрты алаңдап отырғанын да айтты.

"21 ғасырда бұл ақылға сыймайды. Мұның бәрі басталмай тұрып, әлемге ұстанымымды көрсеткім келді" деді спортшы.

Владислав Гераскевич жарыста шана жарысынан ерлер арасында 18-орын алды.

Халықаралық олимпиада комитетінің (ХОК) ережесіне сай, спортшы жарыс кезінде қандай да бір саяси атрибут я акция ұйымдастыруға болмайды.

Бірақ ХОК спортшыны жазалмайтынын мәлімдеп, спортшының әрекетін "жалпы бейбітшілікке шақыру" деп бағалады.

Владислав Гераскевич Пекин олимпиадасында. 11 ақпан 2022 жыл.
Владислав Гераскевич Пекин олимпиадасында. 11 ақпан 2022 жыл.

Пекин олимпиадасы АҚШ пен Қытайдың, Ресей мен Украинаның айналасында жағдай шиеленіскен тұста өтіп жатыр.

Кейінгі уақытқа Ресей Украинамен шекара маңына 100 мыңнан аса әскерилерін шоғырландырып, жиі әскери жаттығу ұйымдастырып жатыр. Киев Мәскеу Украинаға басып кіруді жоспарлайды десе Кремль Украинаға шабуыл жасамайтынын айтады. Бірақ Мәскеу Батыс елдеріне "Совет одағының құрамында болған елдер, соның ішінде Украина НАТО-ға мүше болмауы тиіс" деген талап қойып отыр.

АҚШ және Еуропа елдері Ресей Украинаға басып кірсе қатаң санкция салатынын мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG