Accessibility links

Шымкентте белсенділер полицияның Қаңтар қырғыны құрбандарын еске алуға мүмкіндік бермегенін айтты


Шымкентте қаңтар оқиғасында қайтыс болғандарды еске алуға жиналамыз деген "Қасірет" мемориалы. Шымкент, 13 ақпан 2022 жыл.
Шымкентте қаңтар оқиғасында қайтыс болғандарды еске алуға жиналамыз деген "Қасірет" мемориалы. Шымкент, 13 ақпан 2022 жыл.

Шымкентте кемінде он белсенді полицияның үйлерін күзетіп, Қаңтар қырғыны құрбандарын еске алу шарасына жібермегенін хабарлады. Полиция кәсіподақ белсендісі Ерлан Балтабайды әкімдік маңынан ұстап әкетті.

Белсенді Данияр Байтілеу 13 ақпанда күндіз Facebook желісінде тікелей эфирге шығып, полицияның үйін бақылап отырғанын хабарлады.

– Бүгін қанды қаңтар оқиғасының қырық күндігі. Жаңа Қазақстанды көріңіздер. Таңатпай үйді полиция күзетіп тұр. Қашан біз өзгереміз? Полиция заңды өрескел бұзып тұр. Бейбіт түрде алаңға барып, қаңтар оқиғасында қыршын кеткен азаматтардың туыстарына көңіл айтайын деп едік. Бүгін барша халыққа қайғыра көңіл айтамын. Өлген адамдардың қаны кімнің мойнында? Кім атты? Жазықсыз түрмеде отырған қаншама адам бар? Босатылсын! Ақ қарасы ажыратылсын! Жаңа Қазақстан құрылып жатқан жоқ! – деді белсенді эфир кезінде.

Жергілікті белсенділер Ибрахим Әлсерке де таң атпастан үйінің маңын полицияның торуылдап жүргенін, сыртқа шығудан қалғанын айтты.

Шымкент полициясы әзірге оқиғаға түсініктеме бермеді.

13 ақпанда Қазақстанның өзге өңірлері сияқты Шымкентте де белсенділер саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған "Қасірет" мемориалына жиналып, Қаңтар қырғыны құрбандарын еске алмақ болған. Азаттық тілшісі жексенбі күні түскі 12-ге таман аталған мемориалға барған кезде полицияның кешенді күзетіп тұрғанын көрді. Аумақта адам аз болды.

Бұған дейін шетелде қуғында жүрген бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов та жақтастарын 13 ақпанда қала әкімдігі алдына келуге шақырған еді. Ол жаққа да барған Азаттық тілшісі аумақты полицияның күзетіп жүргеніне куә болды. Бірен-саран адам келіп, пікірлерін айтып тарасты.

Түс кезінде кәсіподақ белсендісі Ерлан Балтабай өзін полицияның Абай аудандық полиция бөліміне ұстап жеткізгенін хабарлады. Ол әкімдік маңынан ұсталған. "Ешнәрсені бүлдірген жоқпын, өз пікірімді айтқаным үшін әкетті" деді ол.

Жексенбі күні Қаңтар қырғыны құрбандарын еске алу шараларының ең ірісі Алматыда өтті. Оған Азаттық тілшісінің хабарлауынша, 200-ден астам адам жиналған. Белсенділер, саясаткерлер, қала тұрғындары биліктің қаңтар оқиғасы кезінде халыққа оқ атуын айыптап, азаптауды доғаруды, ұсталғандарды босатуды талап етті. Полиция шараны алыстан бақылаған. Алаңда көлік қозғалысы тоқтамаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG