13 ақпанда Ақтөбеде бірнеше белсенді мешітке барып, Қаңтар қырғыны құрбандарына құран бағыштады. Қалада полиция күзеті күшейді, кей белсенділер құқық қорғау орган өкілдерінің үйлерін торуылдап, сыртқа шығармағанын хабарлады.
Жексенбі күні бірнеше белсенді "Нұрдәулет" мешітіне барып, өткен айдың басында болған қанды қырғын құрбандарын еске алып, құран бағыштады. Олардың арасында "Жаппай тәртіпсіздік" (272-бап) бабы бойынша күдікке ілінген Қуат Шамұратовтың әкесі Болат Шамұратов та болды. Ол мешіттен шыққан соң "Қаңтар құрбандарының обалы биліктің мойнында" деді.
– Жазықтан-жазықсыз жастардың қаны төгілді. Қаншама адам мүгедек болып қалды. Атылды. Түрмеге қамалды. Соның барлығының обалы биліктің мойнында, – деді Болат Шамұратов.
Еске алу шарасы өтетін күні Қазақстанның кейбір өңірінде, оның ішінде Ақтөбеде де белсенділер үйлерін полицияның торуылдап жүргенін айтып, қысымға шағымданған. Солардың бірі белсенді Альмира Куватова Азаттыққа полиция күзетіп, сыртқа шығармағаннан кейін амалсыз көршісінің шарбағынан секіріп түсіп, еске алу шарасына келгенін айтты.
Жексенбі күні белсенділер әуелі мешітке барып, кейін облыс әкімдігіне жиналуға оқталған. Алайда облыс әкімдігінің маңайында полиция күзеті күшейді. Құқық қорғау орган өкілдері жүргізушілерге әкімдік маңындағы тұраққа көліктерін қоюға тыйым салды.
Жексенбі күні Қаңтар қырғыны құрбандарын еске алу шараларының ең ірісі Алматыда өтті. Оған Азаттық тілшісінің хабарлауынша, бастапқыда 200-ден астам адам жиналған. Кейін жергілікті сайттар жиналғандардың 600-ге жеткенін хабарлады. Жиында белсенділер, саясаткерлер, қала тұрғындары биліктің қаңтар оқиғасы кезінде халыққа оқ атуын айыптап, азаптауды доғаруды, ұсталғандарды босатуды талап етті. Шара кезінде президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа импичмент жариялау туралы да ұсыныс айтылған. Полиция шараны алыстан бақылаған. Алаңда көлік қозғалысы тоқтамаған.
ПІКІРЛЕР