Accessibility links

Тоқаев қаңтар оқиғасында қаза болғандардың туыстарына көңіл айтты, "террористер" туралы тезисін қайталады


Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев астанадағы "Хазірет Сұлтан" мешітіне барып, еске алу шарасына қатысты. Бұл жөнінде 13 ақпанда ресми БАҚ хабарлады.

"Сол қасіретті оқиғадан бері 40 күн өтті. Бүгін марқұмдардың рухына құран бағыштау үшін мешітке арнайы келдім. Қаза болған адамдардың жақындарына тағы да көңіл айтамын. Мемлекет қаралы шаңырақтарды қараусыз қалдырмайды. Мен қайтыс болған азаматтардың отбасыларына қаржылай көмек көрсетуді тапсырдым" деді Тоқаев.

Ол шара барысында қаңтар оқиғасына қатысқан "террористер" туралы тезисін тағы қайталады.

"Мемлекетіміздің тұтастығына, азаматтарымыздың қауіпсіздігіне, еліміздің болашағына қауіп төнді. Біз лаңкестерге дер кезінде тойтарыс беріп, бетін қайтардық. Өкінішке қарай, дүрбелеңде бірқатар азаматымыз қаза тапты. Бұл – нағыз қасірет. Қазіргі таңда тиісті мекемелер азаматтардың әрбір ісі бойынша тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Адам құқығын қорғау мәселесі мен үшін аса маңызды. Қайғылы жағдай бүкіл елдің қабырғасын қайыстырды" деді президент.

Тоқаев мәлімдемесі Қазақстанда Қаңтар қырғыны құрбандарын еске алуға арналған қаралы митингілер өтеді деген күні жарияланды. Тоқаев оқиғаға орай елде 10 қаңтар күні жалпыұлттық азалы күн жарияланғанын да атап өтті. Ол кезде билік қаза болғандардың жалпы санын жарияламаған болатын.

  • Биыл қаңтарда Жаңаөзен мен Ақтау қалаларында сұйытылған газ бағасының қымбаттауына байланысты жаппай наразылық басталып, оның соңы ел аумағында тәртіпсіздік пен зорлық-зомбылыққа ұласқан. Басқа аймақтарда болған қақтығыс, атыс кесірінен кемінде 227 адам қаза болды.
  • Құқық қорғаушылардың айтуынша, олардың басым бөлігі бейбіт азаматтар. Қоғам талабына қарамастан билік олардың аты-жөнін жарияламай келеді.
  • Бұған дейін құқық қорғаушылар мен белсенділер қаза болғандардың аты-жөнін өз бетінше анықтап, жариялаған. Азаттық та олардың тізімін құрастырған. 11 ақпанда кешке оқиға құрбандарының тізімі жарияланған Азаттық парақшасы кенет ашылмай қалды. Елдегі ең ірі провайдер "Қазақтелеком" компаниясы түсініктеме бермеді.
  • Қазақстанда қаңтар оқиғасы кезінде және одан кейін мыңдаған адам ұсталып, жүздеген адам "терроризм", "жаппай тәртіпсіздік", "қару-жарақты ұрлау" және өзге қылмыс жасады деген күдікпен қамауға алынды. Ұсталғандардың көбінің туыстары қамау кезіндегі азаптауларға шағымданды: олардың сөзіне қарағанда, полиция бөлімшелерінде жақындарының үстінен ыстық су құйып, үтікпен және электрошокермен күйдірген, қатты ұрып-соққан. Қылмысты мойындатуға тырысқан. Бұған дейін Бас прокуратура ұсталғандардан азаптау және заңсыз тергеу әдісін қолдану бойынша 300-ден астам шағым түскенін, 170-і бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған. Дегенмен ведомство әлі күнге дейін қанша полицейдің ұсталғанын айтпай отыр.
  • Халықаралық және жергілікті құқық қорғаушылар мен ұйымдар Қазақстан билігінен оқиғаны жан-жақты тәуелсіз ашық зерттеуге шақырған. Осы аптада Human Rights Watch ұйымы Нұр-Сұлтанды зерттеу тобына тәжірибелі халықаралық сарапшыларды да қосуға үндеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG