Accessibility links

Прокуратура: Шымкентте қаңтар оқиғасына байланысты қамалған 14 адам босатылды


Қаңтар оқиғасына байланысты ұсталғандардың туыстары мен белсенділер прокуратура алдында тұр. Шымкент, 10 қаңтар 2022 жыл.
Қаңтар оқиғасына байланысты ұсталғандардың туыстары мен белсенділер прокуратура алдында тұр. Шымкент, 10 қаңтар 2022 жыл.

Шымкентте қаңтар оқиғасына байланысты қылмыстық іс қозғалып, екі айға қамалған 14 адам түрмеден шығарылды. Бұл туралы 14 ақпанда қалалық прокуратура алдына жиналған қамалғандардың туыстары мен белсенділерге арнайы прокурорлар басқармасының басшысы Нұржан Көлбаев хабарлады.

Көлбаевтың айтуынша, бүгін түстен кейін 14 адам Сәуле ықшам ауданындағы ИЧ-167/11 түзеу мекемесінен шығарылды. Бұған дейін 8 адам үйіне жіберілген.

- Істері жеңілірек адамдарды шығарып отырмыз. Әлі елу шақты адамның ісін қараймыз,- деді прокурор Көлбаев.

Үйіне шығарылатын адамдар тізімінде аталғандардың туыстары қуанып, баласының аты аталмаған ата-аналар жылады.

Босағандардың ішінде белсенді Нұрлыбай Татаев пен мүмкіндігі шектеулі тағы бір адам бар. Босатылғандардың барлығына жуығы екі аптадан бері прокуратура алдына бірнеше рет келіп, наразылық білдіргендердің балалары.

- Баламды алты бап бойынша "күдікті" деп танып, қамаған. Жұма күні үйге жіберді. Прокурор баламды "Жаппай тәртіпсіздікке қатысу" бабымен күдікті деп қалдырғанын айтты. Бұл баппен келіспеймін, - дейді "күдікті" Бейбарыс Шыңғысханның анасы Әлия Әнетова.

Прокуратураға шағымданып жүргендердің көбінің туысының үстінен Қылмыстық кодекстің "Терроризм актісі" (255-бап), "Билік өкіліне күш қолдану" (380-бап), "Бөтеннің мүлкін қасақана жою" (202-бап), "Бұзақылық" (293-бап), "Қаруды, оқ-дәріні, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру" (287-бап) және "Ұрлық" (188-бап) бабы бойынша іс қозғаған.

Шымкентте қаңтар оқиғасына байланысты 87 адамның үстінен түрлі баппен қылмыстық іс қозғалған. 76 адам сот санкциясымен қамауға алынған.

Шымкент тұрғындары 4-6 қаңтарда наразылыққа шыққан еді. Куәлер 5-қаңтардан 6-қаңтарға қараған күні бейбіт адамдарға оқ атылғанын айтады. Қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне қарағанда оқиға кезінде 120-дан аса адам түрлі жарақатпен ауруханаларға жеткізілген. Олардың 73-іне оқ тиген. Облыстық ішкі істер департаменті өлгендер туралы нақты ақпарат таратқан жоқ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG