Accessibility links

Алматы белсендісі абақтыда азаптауға қарсы пикетке шығып, халықаралық тергеуді талап етті


Абай Ерекенов
Абай Ерекенов

15 ақпанда белсенді Абай Ерекенов Алматыдағы "Тәуелсіздік таңы" монументінің алдында жалғыз адам пикетін өткізіп, Қаңтар қырғынынан кейін қамауға алынғандарды абақтыда жаппай азаптауды тоқтатуды талап етті.

— Бұлар Гестапо, НКВД! Төрт мыңға жуық адамның үстінен қылмыстық іс қозғап, адамдарды еш дәлелсіз ұстап, ұрып-соғып, үйіне қайтарып жатыр. Оған мың сан факті бар. 12 мыңнан астам адам қамалғанын баспасөз айтып жатыр. Демек, мыңдаған адам қысымға ұшырап, қорлық көріп жатыр деген сөз,- дейді Ерекенов.

Белсендінің сөзінше, "қасіретті қаңтарда 227 адам өлді" деген биліктің мәліметі шындыққа сай келмейді, өлгендер одан әлдеқайда көп болуы мүмкін.

— Әскери қылмыс жасалып, бейбіт адамдарға оқ атылды. Бізге қазір халықаралық тергеу керек, өйткені билік өз өтірігін өзі ашпайды. Сот ісін алқа билерге беруді талап етемін,-дейді ол.

Абай Ерекеновтің пикеті екі сағатқа созылды. Ол пикет өткізетіні жайлы әкімдікке хабар бергенін, олардың тыйым салмағанын айтты. Пикет өткен жерге блогерлер мен журналистерден өзге жай киімдегі учаскелік полиция келіп, бақылап тұрды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG