Accessibility links

ҚР СІМ: Қазақстан азаматтары Украинадан эвакуациялау жөнінде өтініш айтқан жоқ


Қазақстан сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді
Қазақстан сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді

Қазақстанның Киевтегі елшілігіне Украина мен Ресей арасында қалыптасқан жағдайға байланысты Қазақстан азаматтары қоңырау шалғанымен, Украинадан эвакуациялау туралы өтініш жасамаған. Бұл ақпаратты Азаттыққа Қазақстан сыртқы істер министрлігі айтты.

Бұған дейін Азаттық Ресей Украинаға басып кірген жағдайда Қазақстан елшілігі мен азаматтары қалай эвакуацияланатыны жөнінде сауал жолдаған еді.

Сыртқы істер министрлігінің сөзінше, төтенше жағдай туындаған жағдайда Қазақстанның Украинадағы дипломаттарын эвакуациялау бойынша іс-қимыл тәртібі бекітілген. Төтенше жағдайда Қазақстан азаматтарына арналған "жедел желілер" жұмыс істейді. Ондайда Украинадағы Қазақстан азаматтары мына нөмірлер арқылы: +38 067 347 04 08 (WhatsApp, Viber), +38 044 483 15 96, +38 044 489 18 58 "жедел желіге" хабарласа алады.

Сыртқы істер министрлігінің мағлұматына қарағанда, Ресей - Украина қатынасы айрықша шиеленіскен жағдайда Қазақстан азаматтары Харьков (Харьков, Сумы және Полтава облыстары), Львов (Волынская, Закарпатская, Ивано-Франковская, Ровненская, Тернопольская, Хмельницкая, Черновецкая және Львов облыстары), Одесса (Николаевская, Херсонская және Одесса облыстары) және Днепр (Днепропетровск облысы) қалаларында орналасқан Қазақстанның құрметті консулдарының кеңселеріне хабарласса болады.

Сыртқы істер министрлігінің Азаттыққа берген мәліметінде Қазақстан азаматтарының басым көпшілігі Киев қаласында, Киев, Одесса, Харьков және Львов облыстарында тұратыны айтылған. Қазіргі кезде Қазақстанның Украинадағы елшілігінің уақытша консулдық есебінде 493 Қазақстан азаматы (елшілік қызметкерлері және олардың отбасы мүшелері, студенттер, бизнес өкілдері) тіркелген, ал тұрақты консулдық есепте – 1110 адам тұр.

Кейінгі күндері "Ресейдің Украинаға басып кіру қаупі айрықша күшейді" дейтін болжамдар көбейе бастаған. Осыған байланысты 14 ақпанда АҚШ Киевтегі елшілігін Львовқа уақытша көшіретінін хабарлаған. Канада елшілігін Киевтен Львовқа, Германия Днепрден Львовқа көшіретінін айтқан. Еуропа одағының Украинадағы өкілдігі басшысы Матти Маасикас 14 ақпанда "Еуропа одағына мүше елдердің барлығының елшіліктері Киевте жұмысын жалғастырып жатқанын" твиттеріне жазды.

  • АҚШ, Канада, Черногрия, Нидерланды, Жапония, Латвия, Ұлыбритания, Эстония, Дания, Норвегия, Жаңа Зеландия, Германия, Литва, Финляндия, Италия, Швеция, Чехия және Ирак өз азаматтарына Украинадан кетіп қалуға кеңес берді.
  • Өткен жылдың күзінен бері Ресей Украинамен шекарасына әскерін шоғырландырып жатқаны туралы ақпарат көбейді. АҚШ пен Батыстың өзге де елдері "Мәскеу басып кіруді көздеп отыр" деп Украинаға әскери көмекті күшейткен.
  • Кремль мұндай болжамдарды теріске шығарып, әскердің шоғырланғанын "жаттығу" деп атап, АҚШ пен НАТО-дан Ресей қауіпсіздігіне кепілдік беруді, НАТО-ны шығысқа қарай кеңейтпеуді талап еткен. Батыс өкілдері мұндай талапқа мойынсұнбайтынын мәлімдеген.
  • Соңғы хабарларға қарағанда Ресей қорғаныс министрлігі Украина шекарасына шоғырланған әскерін тұрақты орнына әкете бастаған. Бұл жөнінде Реесй қорғаныс министрлігінің ресми өкілі Игорь Конашенков хабарлады. Бірақ оның сөзінше, Украинамен шекарадағы кей бағыттарда әскери жаттығу әлі де жалғасып жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG