Бас прокуратура қаңтар оқиғасына байланысты екі шетел азаматының ұсталғанын хабарлады. Бірақ ведомство олардың қай ел азаматы екенін айтпады.
Ақпаратқа қарағанда, олардың аты-жөні "видеоматериалдарды тексерген кезде" анықталған. Тергеу органдарының хабарлауынша, 5 қаңтарға қараған түні Алматы әкімдігі маңында олар "ғимаратты қорғаған арнайы күзет қызметі басқармасының қарусыз қызметкерлеріне дөрекі күш қолданған".
1 ақпанда сот санкциясымен қамауға алынған. Олар "жаппай тәртіпсіздік" және "билік өкіліне күш қолдану" баптары бойынша күдікке ілінген.
Ведомствоның баспасөз хабарламасында сонымен бірге телебаған эпизоды бойынша күдіктілердің ұсталғаны жөнінде айтылады. 6 қаңтарда Бас прокуратура "қылмыскерлер эфирге шығу үшін Көктөбе телебағанын басып алуға тырысты" және "бейбіт азаматтарды қылмысқа тартып, олардың өміріне қауіп төндірді" деп мәлімдеген еді. Ведомство өкілдерінің айтуынша, соның салдарынан бір адам жараланған. Осы қылмысқа байланысты бір адам ұсталған. 25 қаңтарда ол қамауға алынған.
Қазақстанда қаңтар оқиғасына байланысты ондаған шетел азаматы ұсталған. Қырғызстанның екі азаматы және Өзбекстанның бір азаматы қаза болған.
Өткен айдың басында халықтың өмір сүруінің нашарлауынан туындаған жаппай наразылықтың соңы қантөгіске ұласқан кезде Қазақстан билігі "мемлекеттік төңкеріс" жасау талпынысы туралы айтты. Билік "сыртқы күштер" мен елге "гастарбайтер" ретінде келген "содырлар" туралы айтқанмен оған дәлел келтірмеген.
ПІКІРЛЕР