Accessibility links

ҚАЖК басшысы тергеу изоляторларындағы азаптауды жоққа шығарды


Қаңтар оқиғасына байланысты ұсталғандардың кейбірінің туысы полицияның жақындарын үтікпен де азаптағанын айтқан.
Қаңтар оқиғасына байланысты ұсталғандардың кейбірінің туысы полицияның жақындарын үтікпен де азаптағанын айтқан.

Ішкі істер министрлігіне қарасты Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің басшысы тергеу изоляторларында азаптау барын жоққа шығарды.

Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы Жанат Ешмағамбетов 16 ақпан күнгі брифинг кезінде қазір әлеуметтік желілерде тергеу изоляторларындағы "азаптау камералары" туралы ақпарат жаппай тарап жатқанын айтып, оның шындыққа сәйкес келмейтінін жеткізді.

– Қазір ақпарат кеңістігінде тергеу изоляторларындағы азаптаулар туралы жалған ақпарат жаппай тарап жатқаны байқалады. Олар шындыққа сәйкес келмейді, қоғамды адастырып, болып жатқан шынайы көріністі бұрмалайды деп жауапкершілікпен айтамыз. Тіпті Алматыдағы изоляторда орта ғасырлық инквизиция стиліндегі азаптау камералары бар деген сандырақ хабарламалар тарап жатыр. Мұндай нәрсе жоқ және болуы да мүмкін емес, – деді Жанат Ешмағамбетов сәрсенбі күні.

Комитет төрағасының айтуынша, қазіргі кезде қаңтар оқиғасына байланысты ұсталған 728 адам тергеу изоляторларында қамауда отыр. Олар ауыр және ерекше ауыр қылмыс жасады деген күдікке ілінген.

Жанат Ешмағамбетов тергеу изоляторында қамауда отырғандар "қажетті медициналық көмекпен қамтамасыз етіліп отырғанын" да жеткізді. Ол "ерекше күтімге зәру" азаматтар азаматтық емдеу мекемелеріне ауыстырылғанын да айтты.

Комитет жетекшісінің сөзіне қарағанда, қаңтар оқиғасына байланысты тергеу изоляторына дене жарақаты бар 267 адам түскен. Жанат Ешмағамбетовтің түсіндіруінше, олар "қаңтар оқиғасы кезінде әкімшілік ғимараттарға шабуыл кезінде" жараланған және жарақаты мекемеге түскен кезде тіркелген.

267 адамның 33-і стационарда, қалғаны тергеу изоляторындағы медицина бөлімшелерінде ем алған. "Оларды тұрақты түрде азаматтық медбикелер қарайды" деді ол.

"Қазіргі кезде бір адам ғана Таразда ауруханада жатыр. 30 адам мекеменің медицина бөлімінде амбулаторлық ем қабылдап жатыр" деді комитет жетекшісі.

Ол жиын кезінде тергеу органдарына "сенімсіздік қалыптастыру" мақсатында "ақпараттарды қасақана бұрмалау" құбылысы байқалып отырғанын айтты. Бірақ оған мысал келтірмеді. Ол барлық күдіктілердің конституциялық құқықтары сақталады деп сендіруге тырысты.

Қазақстанда қаңтар оқиғасы кезінде және одан кейін мыңдаған адам ұсталып, жүздеген адам "терроризм", "жаппай тәртіпсіздік", "қару-жарақты ұрлау" және өзге қылмыс жасады деген күдікпен қамауға алынды. Ұсталғандардың көбінің туыстары қамау кезіндегі азаптауларға шағымданды: олардың сөзіне қарағанда, полиция бөлімшелерінде күштік құрылым өкілдері жақындарының үстінен ыстық су құйып, үтікпен және электрошокермен күйдірген, қатты ұрып-соққан. Қылмысты мойындатуға тырысқан. Бұған дейін ақпарат құралдарында азаптауды дәлелдейтін көптеген суреттер мен видеоайғақтар жарияланған. Ұсталғандардың туыстары жақындарына медициналық көмек көрсетілмей отырғанына да шағымданған.

Ақпаратқа қарағанда, азаптаулардың басым бөлігі полиция бөлімшелері мен уақытша қамау изоляторларында болған. Бірақ туыстары тергеу изоляторларында жарақаттанған адамдарға медициналық көмек көрсетпеуді, суық ғимараттарда ұстауды да азаптауға жатқызады.

Қарай отырыңыз: Азапталған Талдықорған. Арнайы репортаж (10 ақпан 2022 жыл).

Азапталған Талдықорған. Арнайы репортаж
please wait

No media source currently available

0:00 0:16:31 0:00

Бұған дейін Бас прокуратура ұсталғандардан азаптау және заңсыз тергеу әдісін қолдану бойынша 300-ден астам шағым түскенін, 170-і бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған. Дегенмен мекеме әлі күнге дейін қанша полицейдің ұсталғанын айтпай отыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG