Accessibility links

Алматы полиция бастығының орынбасары "басы кесілген полицейлер" туралы ақпаратты растамады


Қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстанға келген ҰҚШҰ әскері. 2022 жыл.
Қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстанға келген ҰҚШҰ әскері. 2022 жыл.

Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Рустам Әбдірахманов қаңтар оқиғасы кезінде наразылар "екі полицейдің басын кесті" деген ақпаратты растамады.

Бір күн бұрын Facebook желісінде Aslan Muhamedzhanov есімді қолданушы полиция бастығының орынбасары Рустам Әбдірахмановтан "басы кесілген екі полицей туралы факт барын растайсыз ба?" деп сұрақ қойған. Рустам Әбдірахманов бұған "Алматы қаласында жоқ" деп жауап берді. Оның скриншоты да әлеуметтік желіде тарап жатыр. Аталған аккаунтта верификация белгісі болмағанмен ақпарат құралдары оны полиция бастығының орынбасарының аккаунты ретінде біледі.

Скриншот.
Скриншот.

"Басы кесілген полицейлер туралы ақпарат шын мәнінде өтірік болып шықты. Мұны жоғары лауазымды шенеунік Рустам Әбдірахмановтың өзі растады. Ол ақпаратты Тоқаев [қаңтар басында] исламшыл террористердің әрекеті ретінде сипаттаған, елге ҰҚШҰ әскерін кіргізуге де негізгі себеп сол болды" деп жазды Aslan Muhamedzhanov Facebook желісінде.

Полиция бастығы орынбасарының жазбасы кейін жоғалып кетті. Азаттыққа берген түсініктемесінде Рустам Әбдірахманов жауабының мәнін былайша түсіндірді.

— Бізде Алматыда полицейлер арасында үш адам қаза болды. Алмалы аудандық полиция бөлімінің екі қызметкеріне оқ тиген. Тағы біреуі – жүргізуші-полицей. Мен облыс емес, бүкіл Қазақстан емес, біздің департамент полицейлері туралы айттым. Әскер үшін, Ұлттық гвардия үшін жауап бере алмаймын, – деді Рустам Әбдірахманов.

Қаңтар оқиғасы кезінде және одан кейін Қазақстан билігі "басы кесілген" оқиға құрбандары жөнінде ақпарат таратқан. 10 қаңтарда президент Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚШҰ отырысында "басы кесілген" күштік құрылым өкілдері туралы мәлімдеген. 6 қаңтарда "Қазақпарат" агенттігі Алматыда "басы кесілген екі полицейдің денесі табылғанын" жазды. Ресейдің кремльшіл ақпарат құралдары да мемлекеттік "Хабар" телеарнасына сүйене отырып, басы кесілген құқық қорғау орган қызметкерлерінің мәйіті табылғанын хабарлады.

Өткен айдың басында Тоқаевтың "Алматыға 20 мың террористің шабуылдағаны" туралы Twitter'дегі жазбасы жоғалып кеткен.

Өткен айдың басында халықтың өмір сүруінің нашарлауынан туындаған жаппай наразылықтың соңы қантөгіске ұласқан кезде Қазақстан билігі "мемлекеттік төңкеріс" жасау талпынысы туралы айтқан. Билік "сыртқы күштер" мен елге "гастарбайтер" ретінде келген "содырлар" туралы айтқанмен оған дәлел келтірмеген. Дәлел болмаған соң, сарапшылардың көбі Қазақстан билігі келтірген ресми нұсқаға күмәнмен қарайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG