Accessibility links

Киев Донбастың қақтығыс аймағында жиі оқ атыла бастағанын хабарлады


Украина армиясының солдаты.
Украина армиясының солдаты.

Украина қорғаныс министрлігі Донбаста жағдайдың едәуір ушығуын бейсенбі күні өткен БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесі отырысымен байланыстырды. Отырыста Минск келісімін жүзеге асыру мәселелері талқыланған.

Украина қорғаныс министрі Алексей Резников оқ атулардың жиілеуін арандату әрекеті деп атады. Министрдің пікірінше, Украина шығысындағы сепаратистер Ресей қолдауымен әрекет етіп жатыр.

Украина билігі бейсенбі күні Луганск пен Донецк облыстарындағы сепаратистер жағынан елу шақты оқ атылғанын хабарлады. Киевтің мәліметінше, азаматтық инфрақұрылым нысандарына оқ атылған. Арасында балабақшалар да бар. Зардап шеккендер арасында бейбіт тұрғындар бар.

Ал Украина шығысындағы сепаратистер украин армиясын өзін республика ретінде жариялаған Луганск (ЛНР) және "Донецк халық республикасының" (ДНР) "территориясына" оқ жаудырды деп кінәлады. Олар да бір бейбіт тұрғынның жараланғанын хабарлады.

АҚШ пен НАТО алдағы бірнеше күн ішінде Ресейдің Украина аймағына басып кіруі мүмкін екендігі жөнінде мәлімдеме жасаған. Вашингтонның мәліметінше, Ресей Украинамен шекарасына 150 мың әскери қызметкер мен әскери техникасын әкелген. Ресей қорғаныс министрлігі жаттығу аяқталысымен әскерінің бір бөлігін әкететінін хабарлағанмен батыс елдері әзірге оған дәлел жоғын айтады.

15 ақпанда Ресей мемлекеттік думасы президент Владимир Путинді Украина шығысындағы өзін республика ретінде жариялаған Луганск және Донецк "халық республикаларының" тәуелсіздігін мойындауға шақыратын қаулыны мақұлдаған. Украина сыртқы істер министрі Дмитрий Кулеба Киев сепаратистік республикаларды мойындау Мәскеудің Минск келісімінен бас тартуы ретінде қабылдайтынын айтқан. Мемлекеттік думаның мәлімдемесін батыс саясаткерлері сынады. АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен "халықаралық құқықтың өрескел бұзылғандығы" жөнінде мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG