Accessibility links

Бұрынғы шенеунік "мүлде жаңа Қазақстан" үшін партия құратынын мәлімдеді


Алматы қаласы ішкі саясат басқармасының бұрынғы жетекшісі Санжар Боқаев.
Алматы қаласы ішкі саясат басқармасының бұрынғы жетекшісі Санжар Боқаев.

Бұрынғы шенеунік, қазір кәсіпкер, әлеуметтік желілерде мемлекеттік жобаларды сынаумен танымал болған Санжар Боқаев "Намыс" партиясын құратынын хабарлады.

Оның айтуынша, партияның мақсаты "әділдікті ту еткен мүлде жаңа Қазақстан құру". "Оны адал әрі парасатты адамдар басқарады" деді. Партия бағдарламасы жобасында өзге жайттардан бөлек, "жемқорлықпен күрес", "халық ақшасына сатып алынған шетелдегі активтердің бәрін елге қайтару" сияқты пунктер бар.

Боқаев бейсенбі күнгі баспасөз жиынында құжаттарын өткізіп, ресми тіркеу процедурасын бастайтынын айтты.

Оның айтуынша, "парламентке барғаннан кейін" "Намыс" бірінші кезекте бюджет ақшасын алудан бас тартады. Ол партияны тіркеу кезінде кедергі болуы мүмкін деп те болжайды.

Кейінгі бірнеше жылда бірқатар бастама топ өкілдері мен ұйымдар бірлестіктерін ресми тіркеуге ұмтылғанмен тіркей алмағанын хабарлаған. Олар биліктің кедергісіне ұшырағанын алға тартқан. Қазақстан заңнамасы бойынша, саяси партия құру үшін бастама тобы құрылтайшылар съезін өткізіп, кемінде 20 мың қол жинауы тиіс.

39 жастағы Санжар Боқаев 2015-2017 жылдар аралығында "ҚазТрансГаз" компаниясы басқарма төрағасының кеңесшісі болған. Бұрын бірнеше жыл Алматы әкімдігінде қызмет істеген. Бастапқыда жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы болды, кейін ішкі саясат басқармасының жетекшісіне айналды.

"Нұр Отан" партиясының Алматы қалалық бөлімшесі төрағасының орынбасары да болған. Президент жанындағы стратегиялық зерттеулер институтының қызметкері болып істеген. Ғылыми-педагогикалық қызметпен айналысқан.

"Біз біреуге сенуден қалдық. [Саяси алаңға] кім шықпасын, жаман дей саламыз. Мемлекеттік қызметте жүріп, тәжірибе жинадым. Мемлекет механизмі қалай жұмыс істейтінін білемін. Бір нәрсені өзгерту үшін бұл маңызды. Бірқатар жоғары лауазымды тұлғалардың қол астында істегеніме өкінбеймін. Мен де "Нұр Отанға" сенгенмін. 2012 жылы [сол кездегі президент Нұрсұлтан] Назарбаевқа сеніп, мемлекеттік қызметке келдім. Алайда 2015 жылы сайлауда оның 98 пайыз "дауыс алғанын" көріп, менде күмән-күдіктер пайда болды, сүйтіп кеттім" деді Боқаев. Оның сөзінен ҚазТАГ агенттігі үзінді келтіреді.

Алматы қаласы ішкі саясат басқармасына жетекшілік еткен кезде Санжар Боқаевты бірқатар журналистер "Адам бол" журналының жабылуына мұрындық болған шенеунік ретінде атаған. Осы басқарманың шағымы бойынша Медеу аудандық соты басылымды жапқан. 2015 жылы ақпанда басқарма жетекшісі "Әділ сөз" баспасөз қорғау ұйымына бірқатар басылымдардың шығу дерегінен заңсыздықтар табылғанын хабарлаған. 21 басылым әкімшілік жауапқа тартылған. Арасында қоғамдық-саяси мәселелерді көтеретін басылымдар да болған.

Әкімдіктен кетер алдында бірнеше күн бұрын "Көкжайлауды қорғайық!" қозғалысының белсенділерімен кездесу кезінде басқарма жетекшісі Алматы маңында тау-шаңғы курортын салу қажеттігін алға тартқан.

Жаңаөзен оқиғасына дейін Алматыдағы кездесу кезінде Боқаев оралмандарға қатысты "әлеуметтік аутсайдер", "масыл" тіркестерін пайдаланған биліктің пікіріне ұқсас сөз айтқан. "Кейбір оралмандар келіп, жер, үй беріңіз деп өтінеді. Бұл дұрыс емес. Елбасы айтқандай, біз масылдық көзқарастан арылуымыз керек. Бәріміз жұмыс істеуіміз керек" деді ол.

Кейінгі жылдары Санжар Боқаев мемлекеттік жобаларды желіде сынап келеді. Өзге де қоғам өкілдерімен бірге көп жүргізуші сынаған утилизация алымына қарсы шыққан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG