Азаматтық қоғам белсенділері Гүлнара Каримованың шетелдегі активін Өзбекстанға қайтару процесі ашық жүруі тиіс деп есептейді.
Осы аптада Өзбекстан әділет министрлігі елдің тұңғыш президенті Ислам Каримовтің қызы Гүлнараның шетелдегі барлық активін елге қайтару үшін БҰҰ жанынан көп тарапты сенім қоры құрылады деп мәлімдеген.
Мекеме мәлімдемесінде бұл қаражат елдің әл-ауқатын көтеру үшін әлеуметтік салаға жұмсалады деп жазылған.
Жақында Франциядан 10 миллион доллар аударылған. Енді қалған 131 миллион долларды қайтару үшін БҰҰ жанынан сенім қоры құрылмақ.
Гүлнара Каримованың активтерін қайтару жөніндегі Uzbek Asset Return Network құқық қорғау ұйымдарының коалициясы көп тарапты сенім қорының құрылуын құптады. Бірақ олар бұл процесс барынша ашық жүруі керек, әрбір жұмсалған тиынға есеп беріліп отыруы тиіс дейді.
Топ мәлімдемесінде, қайтарылған қаржы тағы да жемқор топтың қолына түспеуі үшін, азаматтық белсенділер мен тәуелсіз аудиторлар тартылуы тиіс деп есептейді.
Ұлыбританияда тұратын өзбек сарапшысы Әлішер Ильхамов көп тарапты сенім қорының құрылуына оң баға береді. Бірақ ол Өзбекстанда ашықтықтың жоқ екенін есепке алып, бұл процестің қалай жүзеге асатынын түсінбейтінін жеткізеді.
2015 жылдың тамыз айында Гүлнара Каримова салықтан жалтарды деген айыппен ұсталып, қамауға алынған. 2017 жылы оған қосымша айыптар тағылып, он жылға бас бостандығынан айырылған. Қазір ол Өзбекстан түрмесінде отыр.
ПІКІРЛЕР