Accessibility links

Министрлік қаңтар оқиғасы кезінде қанша балаға оқ тигенін айтты


Қаңтар оқиғасы кезінде қан іздері қалған ғимарат есігі. Алматы, Республика алаңы. Қаңтар, 2022 жыл.
Қаңтар оқиғасы кезінде қан іздері қалған ғимарат есігі. Алматы, Республика алаңы. Қаңтар, 2022 жыл.

Қаңтар оқиғасы кезінде жеті бала түрлі оқ жарақатымен ауруханаға түскен. Жұма күні Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты медицина және дәрі-дәрмекті қадағалау комитетінің төрағасы Бауыржан Жүсіпов осылай деп мәлімдеді.

Оның сөзіне қарағанда, Алматыда – төрт бала, Алматы облысында екі бала, Жамбыл облысында бір бала зардап шеккен. Спикер сонымен бірге аяғы ауыр бір әйелдің газ шашқан кезде зардап шеккенін айтты.

Комитет жетекшісінің айтуынша, төтенше жағдай кезінде дәрігер көмегіне 2740 адам жүгінген. 897 адам ауруханаға жатқызылған. 188-і – реанимацияға түскен. 891 пациент ауруханадан шыққан.

– Қазір стационарларда алты адам емделіп жатыр. Үшеуі – Алматыда, үшеуі – Қызылордада. Қызылордада реанимацияда жатқан бір адамның жағдайы ауыр, оған оқ тиген, – деді Бауыржан Жүсіпов.

Жүсіповтің сөзіне қарағанда, 18 ақпан күнгі мәлімет бойынша қаңтар оқиғасы кезінде медициналық мекемелерде қаза болғандар саны (бұрынғыша 177 адам) өзгермеген. Ведомствоның айтуынша, арасында төрт әйел бар. Министрлік өкілі қанша қарт бар екенін айтпады.

Ведомство мәліметінше, қаңтар оқиғасы кезінде денсаулық сақтау саласының 20 нысанына шабуыл жасалған, 14-і – дәріхана. "Жеті медицина қызметкері зардап шекті, 46 жедел жәрдем көлігі бүлінді" деді ол.

  • Билік қаңтар қырғынынан кейін 227 адамның қаза болғанын хабарлаған, бірақ қоғам талабына қарамастан әлі күнге дейін олардың аты-жөні жарияланбады. Құқық қорғаушылар қаза болғандар арасында бейбіт азаматтар көп екенін айтады. Арасында балалар мен әйелдер де бар.
  • Билік қаңтар оқиғасы бойынша 3 мыңнан астам қылмыстық іс ашылғанын хабарлағанмен белсенділер әскерилердің бейбіт халыққа оқ атуы бойынша қылмыстық іс қозғалмағанын айтады. 17 ақпанда қаңтар оқиғасы кезінде әскерилердің Алматыда халыққа оқ атуын зерттеуді талап еткен онлайн петиция жарияланды. Петиция авторлары өзге өңірлердегі күштік құрылымдардың бейбіт халыққа оқ ату жағдайларын да зерттеуді талап етіп отыр. Билік әзірге бұған қатысты реакция білдірмеді.
  • Халықаралық ұйымдар мен құқық қорғаушылар билікті қаңтар қырғынын ашық, жан-жақты зерттеуге үндеген. Комиссия құрамына халықаралық сарапшылар қосу туралы да ұсыныс айтқан.

Видео: «Қарындасымды құтқара алмадым, папа»: Қаңтар дүрбелеңінен оққа ұшқан 4 жасар қыздың оқиғасы (3 ақпан 2022 жыл).

«Қарындасымды құтқара алмадым, папа»: Қаңтар дүрбелеңінен оққа ұшқан 4 жасар қыздың оқиғасы
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:53 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG