Accessibility links

Зеленский: "Украина Батыс пен Ресей әскерінің арасындағы қалқан болып тұр"


Украина президенті Владимир Зеленский мен АҚШ мемлекеттік хатшысы Камала Харрис. Мюнхен, Германия. 19 ақпан 2022 жыл
Украина президенті Владимир Зеленский мен АҚШ мемлекеттік хатшысы Камала Харрис. Мюнхен, Германия. 19 ақпан 2022 жыл

"Украинаға көмектесу жөні осы деп "Ресей басып кіретін күнді" ұдайы қайталау берудің керегі жоқ" – бұл сөзді Украина президенті Владимир Зеленский қауіпсіздік жөніндегі Мюнхен конференциясында айтты. Ол Украина азаматтары өз жерін кез келген күні қорғауға дайын екенін, Украина Еуро одақ пен НАТО-ға жақындауға мүмкіндік беретін шешім күтіп отырғанын айтты.

Зеленский Будапешт меморандумы бойынша кеңес өткізу жөнінде бастама көтергенін де хабарлады. 1994 жылы қол қойылған Будапешт келісімінде ядролық қаруы бар төрт ел, ішінде Ресей де бар, Украинаның аумақтық қауіпсіздігіне қол сұғылмайтынына кепілдік берген еді.

"Егер Будапешт келісімі жөнінде кеңес тағы өтпей, қауіпсіздік кепілдігі жөнінде шешім қабылданбаса онда Украинаның Будапешт келісімі жұмыс істемейді, оның шешімдерінің бәрі күмәнді деп есептеуге толық құқығы бар" деді Зеленский.

Зеленскийдің сөзінше Украина қазіргіден де әлдеқайда ауқымды халықаралық қолдауға лайық, өйткені Украина Еуропаның Ресей әскерімен арадағы қалқан болып тұр. Ол Ресей халқы Украина халқына қарсы соғысқысы келмейді деп сенетінін білдірді.

Мюнхендегі конференция барысында Зеленский АҚШ вице-президенті Камала Харриспен кездесті. Кездесуде Зеленский Ресейге салынатын санкция қазіргі шиеленісті шешуге әсер ететінін айтты.

Харрис Украинанадағы жағдайдың бейбіт жолмен шешілгенін қалайтынын, шабуыл жасай қалса Ресейге шектеу шараларын енгізуді қолдайтынын мәлімдеді.

Кейінгі күндері Украина Донбасында қарулы қақтығысқа апаратындай жағдай шиеленісе түскен. Украина әскері мен ресейшіл күштер бір-бірін "оқ атты" деп айыптай бастаған.

Донбасс пен Луганск сепаратистерінің басшылығы 19 ақпанда өздері бақылайтын аумақта жаппай мобилизация жариялаған. Бір күн бұрын олар халықты Ресейдің Ростов облысына шығаратынын мәлімдеген еді. Ресей президенті әрбір босқынға 10 мың рубльден ақша беруді тапсырған. Ал Украина билігі Донбас пен Луганск тұрғындарын Украинаға өтуге шақырды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG