Accessibility links

Халықаралық ана тілі күні қарсаңында Татарстан белсенділері акция өткізді


Татар белсендісі Рафик Каримуллин
Татар белсендісі Рафик Каримуллин

Татар жастары құрған "Азаттық" ұйымының белсенділері татар тілінде білім беруді талап етіп, акция өткізді.

20 ақпанда Татарстан белсенділері жалғыз адам пикетіне шықты. Татар жастарының "Азаттық" ұйымы белсенділері Ильдар Мұстафаев пен Рафик Каримуллин татар тілінде толық білім беру жүйесін талап етіп, "Татарстандағы татар құқықтарының тапталып жатқанына" назар аударды.

-Татарстан конституциясында татар тілі мен орыс тілі мемлекеттік тіл деп көрсетілген. Бірақ татар халқының құқығы бұзылып жатыр. Татар тілінде оқуды міндеттеуді алып тастады, татар мектептері, татар университеттері жоқ. Балабақшадан университетке дейін татар тілінде оқытатын білім жүйесін биліктен талап етіп тұрмыз,- дейді Наиль Набиуллин "Idel.Реалииге" айтқан сөзінде.

Таяуда Татарстан президент Рустам Минниханов та татар тілінде оқыту проблемаға айналып отырғанын мойындап, Қазан физика-техникалық университетіндегі кездесуде:

- Өте ұят, масқара жағдай! Тіпті аралас мектептердің өзінде татар тілінің жағдайы мәз емес,-деген еді.

Татарстанда оқушылардың басым көпшілігі орыс тілінде оқиды. Мемлекеттік татар тілі міндетті пәндер тізімінен шығып қалған. Татар тілінде бірыңғай мемлекеттік емтихан тапсыруға рұқсат жоқ, сол себепті оқушылар татар тілінде оқығысы келмейді.

2018 жылдан бастап ата-аналары ана тілі ретінде оқыту туралы өтініш берсе ғана татар тілін қосымша пән ретінде өтеді. Орта есеппен алғанда татар тілі мен әдебиеті аптасына 2-3 сағат қана оқытылады.

Ресей президенті Владимир Путиннің 2017 жылы айтқан сөзінен кейін Татарстанда мемлекеттік татар тілі пәні сабақтары міндетті пәндер қатарынан шығып қалған.

ЮНЕСКО-ның бас ассамблеясы жариялаған халықаралық ана тілі күні (International Mother Language Day) 2000 жылдың 21 ақпанынан бері аталып келеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG