Премьер-министр Әлихан Смайылов жуырдағы брифинг кезінде денсаулық сақтау вице-министрінің журналистер сұрақтарына нақты жауап бермегенін алға тартып, үкімет мүшелеріне "журналистермен тығыз қарым-қатынас" орнатуды тапсырды. 22 ақпан күнгі үкімет отырысында ол денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинаятқа қайырылып:
"Ажар Ғинаятқызы, өткен аптада сіздің орынбасарыңыз брифинг өткізді. Өкінішке қарай, денсаулық сақтау вице-министрі [Жандос Бүркітбаев] журналистердің сұрақтарына нақты жауап бермеді. Осыған назар аударуыңызды сұраймын" деді Смайылов. Ол мұндай жағдайлар "үкіметтің тұтас жұмысына кері әсер етеді" деді.
– Біз қоғамға ашық болуға тиіспіз. Үкіметтің негізгі міндеті – әрбір қабылданған шешімді түсіндіріп, қоғам пікірін ескеру, – деді Смайылов.
18 ақпанда денсаулық сақтау вице-министрі Жандос Бүркітбаев орталық коммуникациялар қызметінің брифингісі кезінде қаңтар оқиғасы кезінде және одан кейін арнайы жасақтың жаралыларды ауруханадан ұстап әкетуіне қатысты министрліктің ұстанымы қандай деген Азаттықтың сұрағына нақты жауап бермеген. Қазақстан ақпарат құралдарының жазуынша, бұл брифинг кезінде вице-министр журналистердің өзге де сұрақтарына нақты жауап бермеген.
Қазақстанда журналистер мемлекеттік органдардан жауап алу қиындығына жиі шағымданады Журналистер негізінен орталық коммуникациялар қызметінің брифингісін шенеуніктерден жауап алатын алаң ретінде қарастырады. Алайда қаңтар оқиғасынан кейін журналистер брифинг кезінде Бас прокуратура мен ішкі істер министрлігі өкілдеріне сұрақ қою мүмкіндігінен айырылды, ал ресми сауалдар көп жағдайда жауапсыз қалады.
“Шекарасыз тілшілер" ұйымының Дүниежүзілік сөз бостандығы рейтингінде Қазақстан 180 елдің арасында 155-орында тұр және "сөз бостандығы ахуалы қиын" елдер қатарында.
ПІКІРЛЕР