Accessibility links

Джо Байден Украинадағы жағдайға байланысты жаңа мәлімдеме жасады


АҚШ президенті Джо Байден.
АҚШ президенті Джо Байден.

Ресей президенті Владимир Путиннің Донбастағы сепаратистік республикалардың тәуелсіздігін танып, аталған аумаққа Ресей әскерін кіргізу туралы бұйрығын Ақ үй Ресейдің көрші елге басып кіруінің алғашқы қадамы деп атады.

22 ақпан күнгі мәлімдемесінде АҚШ президенті Джо Байден Путин қарамағындағы Ресей Украинаның неғұрлым көп территориясын жаулап алуға тырысып жатыр деп мәлімдеді. Америка басшысы Мәскеу алған бетінен таймаса, 2014 жылғыдан да ауқымы кең санкция салатынын айтты.

Ақ үй жетекшісінің айтуынша, АҚШ Ресей элитасының бірқатар өкілдері, олардың отбасы мүшелері мен екі банк – ВЭБ және әскери банкке санкция салады. Мәселе Ресей қорғаныс-өнеркәсіптік кешеннің аймақтық бөлімшесі саналатын Промсвязьбанкте болып отыр. Шектеулер сонымен бірге Ресей үкіметінің қарызына да әсер етеді.

АҚШ қаржы министрлігі Байден сөзінен кейін санкцияға ілінген ресейлік жеке және заңды тұлғалар тізімін жариялады. Оған үш жоғары лауазымды тұлғаның ұлдары енген. Бұлар Денис Бортников (ФСБ басшысының ұлы), Петр Фрадков (сыртқы барлау қызметінің бұрынғы басшысының ұлы) және Владимир Кириенко ( президент әкімшілігі жетекшісінің бірінші орынбасарының ұлы). Олардың ұлдары да ірі қызметтерді атқарып отыр: Денис Бортников – ВТБ вице-президенті. Петр Фрадков – Промсвязьбанкқа жетекшілік етеді. Ал кіші Кириенко "ВКонтакте" желісіне иелік етеді. Тізімде ВЭБ пен Промсвязьбанктан бөлек, 40-тан астам еншілес компанияның аты жазылған.

"Егер Ресей жаулап алуын қоймаса, санкция ауқымын ұлғайтамыз. Путин көрші елдің территориясында "мемлекет" жариялауға құқығым бар деп есептей ме?" деді Байден. Ол АҚШ Украина мен НАТО-ға әрі қарай да көмектесе беретінін айтты. Ол Балтық елдеріне қосымша әскер мен техника жіберетінін де жеткізді.

Байден агрессияны тиюға әлі кеш емес екенін, бұрынғыша дағдарысты дипломатия жолдарымен шешуге дайын екенін айтты. АҚШ Ресеймен соғысқысы келмейді, бірақ Вашингтон НАТО территориясын қорғауға мәжбүр деді.

  • 22 ақпанда Ресей парламентінің жоғарғы палатасы Владимир Путинге Донбастағы жағдайға байланысты Ресей армиясын шетелде пайдалануға рұқсат берген.
  • 21 ақпанда Ресей президенті Владимир Путин "Донецк халық республикасы" мен "Луганск халық республикасының" "тәуелсіздігін" мойындап, кейін сепаратистер аумағына Ресей әскерін кіргізу туралы бұйрық берген.
  • Батыс елдері Ресейдің шешімін қатаң айыптады. НАТО Мәскеу "Украина шығысындағы қақтығысты ушықтырып, Украинаны басып алуға сылтау іздеп отыр" деп мәлімдеді. БҰҰ Ресейдің сепаратистік республикалар тәуелсіздігін мойындау туралы шешіміне алаңдаушылық білдіріп, Украина тұтастығын қолдай беретінін айтты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG