Accessibility links

ЕО Донбасқа байланысты бірқатар Ресей азаматтары мен ұйымдарына санкция салды


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Еуроодақ "Луганск халық республикасы" мен "Донецк халық республикасының" тәуелсіздігін мойындаған Ресейдің бірқатар азаматтары мен ұйымдарына санкция салды.

Тізімге қорғаныс министрі Сергей Шойгу, президент әкімшілігінің жетекшісі Антон Вайно, мемлекеттік дума вице-спикері Петр Толстой, Ресей СІМ ресми өкілі Мария Захарова, Russian Today телеарнасының жетекшісі Маргарита Симоньян, жүргізуші Владимир Соловьев, News front медиахолдингінің басшысы Константин Кнырик, сонымен бірге ақпарат құралдары "трольдер фабрикасы" деп атайтын "Интернет-зерттеулер агенттігі" енген. Одан бөлек, санкция тізіміне үкімет жетекшісінің орынбасары Дмитрий Григоренко, ВЭБ.РФ төрағасы Игорь Шувалов, кәсіпкер Евгений Пригожиннің анасы мен әйелі де енген.

Шектеулердің сонымен бірге Қара теңіз флотына жетекшілік ететін Игорь Осипов, әуе-ғарыш күштерінің жетекшісі Николай Евменов, құрлықтағы әскер бас қолбасшысы Олег Салюковқа да қатысы бар. Ұйымдар арасында "Ресей", "Промсвязьбанк", ВЭБ.РФ банктері тізімге енген.

23 ақпанда күндіз Еуроодақ Ресейге салынатын санкция пакетін мақұлдаған. Шектеу шараларына сәйкес, санкция тізіміне енген адамдар мен ұйымдардың активтері бұғатталып, қаржыларын пайдалануына тыйым салынады. Олар сонымен бірге ЕО аумағына кіре алмайды немесе транзит дәлізі ретінде пайдаланып, өзге елге өте алмайды.

Бұған қоса, Еуроодақ Ресейдің мемлекеттік қарызына санкция салып, Еуроодақ капиталы мен қаржы нарығына шектеу қойды. Санкция сонымен бірге Еуроодақ пен Украина шығысындағы сепаратистік республикалармен кез келген экономикалық қатынас орнатуға тыйым салады.

23 ақпанда АҚШ "Солтүстік ағыс –2" газ құбырының операторы Nord Stream 2 AG компаниясы мен басшылығына санкция салған.

22 ақпанда Ұлыбритания ресейлік бес банк пен Владимир Путин айналасындағы үш ресейлік миллиардерге (миллиардерлер Борис және Игорь Ротенберг, Геннадий Тимченко) санкция салған.

Сол күні АҚШ президенті Джо Байден АҚШ Ресей элитасының бірқатар өкілдеріне және олардың отбасына, ресейлік ВЭБ және әскери банкке санкция салатынын мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG