Accessibility links

Киев облысында тұратын қазақстандық оппозиция белсендісі Владимир Козлов аумақтағы ахуалды баяндады


Оппозиция белсендісі Владимир Козлов.
Оппозиция белсендісі Владимир Козлов.

Бірнеше жыл бұрын Қазақстаннан Украинаға қоныс аударған оппозиция белсендісі Владимир Козлов 24 ақпанда таңертең Азаттық тілшісіне өзі тұрып жатқан аумақтағы ахуалды баяндады. Бейсенбі күні таңертең Ресейдің Украина шығысында "әскери операция" бастағаны жайлы хабар шығысымен Украинаның түрлі өңірінде жарылыстар болғаны хабарланды. Ақпарат құралдары Ресейдің "Украинаға соғыс ашқанын" жазды.

Украина астанасы Киевтен 25 шақырым жерде тұратын белсенді Владимир Козлов Қазақстан елшілігінен эвакуация туралы хабарлама түскенмен толымды хабар түспегенін айтты.

– Мұнда ортақ чат бар. Қазақстан елшілігі бүгін таңертең эвакуациялық қимылдарға дайындалып жатқаны туралы хабарлама жіберді. Қысқа ақпарат. Ал уақыты мен орнын жазбады. Украинада бірнеше мың, ал Киев пен Киев облысында шамамен 200 адам (Қазақстан азаматы – ред.) бар. Мұнда егер отбасының жартысы Қазақстан азаматтары, жартысы Украина азаматтары болса, елшілікпен мәселе туындайды. Сұрақ бар, бірақ әзірге жауап жоқ. Егер әскери жағдай жарияланса (бұл жаңалық шыққанға дейін Украина президенті елде әскери жағдай жариялаған - ред.) онда ұшақпен мәселе туындайды. Себебі барлық әуежай әскери техникаға пайдаланылатыны түсінікті. Ал Украинаның әуе кеңістігі тұтас жабылған, бұл бұған дейін хабарланып қойған, – деді ол.

24 ақпанда таңертең Қазақстан сыртқы істер министрлігі Украинадағы елшілік қызметкерлері мен сондағы азаматтарды эвакуациялау жолын қарастырып жатқанын хабарлаған.

Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанның консулдығында уақытша тіркеуде 517 адам, тұрақты тіркеуде 1113 адам тұр. Олар негізінен Киев қаласы, Киев, Одесса, Харьков, Львов облыстарында тұрады.

Владимир Козловтың айтуынша, аумақта әзірге интернет істеп тұр. Сыбыс-қауесет өте көп. Борисполь әуежайына бомба тасталғаны туралы хабар тарағаннан кейін Борисполь мэрі тікелей эфирге шығып, белгісіз әскери дронды украин әскерінің атып түсіргенін хабарлаған.

Оның айтуынша, көп отбасы әйелдер мен бала-шағаны соғыстан аулақ жаққа көшіруге тырысып жатыр.

"Мен Киевтен 25 шақырым жердемін. Жарылыстың дыбысын естідім, бірақ көп емес. Таңғы сағат бестен кейін бірнеше жарылыс болды. Бір нәрсенің кең көлемде басталғаны сезіледі. Отбасыларда әйелдер мен балалар жолға шығуға дайындалып жатыр. Ал ерлер жергілікті қорғаныс бөлімшелеріне барып тіркеліп жатыр. Онда оларды әскери қимылға баулиды, қару-жарақты қолдануға үйретеді. Жағдай осындай. Адамдар әрине, соғыстан аулақ жаққа жылжи бастады. Әсіресе шекара аймақтарында. Бірақ сондай қатты байбалам салу, хаос жоқ, - деді ол.

24 ақпанда Ресей басшысы Владимир Путин ресейлік мемлекеттік телеарналардан мәлімдеме жасап, Донбаста "арнайы операция" бастайтынын хабарлаған. Бұдан соң Украинаның бірқатар қалалары мен облыстарында жарылыс болғаны, оқ атылғаны жайлы ақпарат үдеген. Куәгерлердің айтуынша, Донбастың өзінде ресейшіл сепаратистер тарабынан атқылау күшейген, Украинаның барлық-дерлік аумағында әскери нысандар шабуылға ұшыраған.

НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг Ресейдің Украинаға қатысты әрекетін айыптады. Украина басшысы Владимир Зеленский халыққа үндеу жасап, үрейленбеуге шақырды. Елде әскери жағдай жарияланды.

Соңғы ақпараттар легі төмендегі сілтемеде:

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG