Accessibility links

Ермек Нарымбаевты босатуды талап еткен ақтөбелік белсендіні полицияға шақырды


Ақтөбелік белсенді Бағдагүл Диярова.
Ақтөбелік белсенді Бағдагүл Диярова.

Ақтөбе полициясы саяси белсенді Ермек Нарымбаевты түрмеден босатуды талап етіп, жалғыз өзі пикетке шықпақ болған Бағдагүл Диярованы учаскеге шақыртқан. Белсенді Диярованың сөзінше, ол 24 ақпан күні түстен кейін бір сағаттай полицияда болып, тергеушінің сұрақтарына жауап берген.

- Полиция "Қаңтар көтерілісі кезінде видеоға түсіп қалыпсыз, алаңда не істеп жүрсіз?" деп сұрады. Мұхтар Әблязов пен Жанболат Мамай, Ермек Нарымбаев туралы да сұрақ қойды. Пикеттен бір күн бұрын құрбымның WhatsApp мессенджеріне "әкімдік рұқсат етпесе де, алаңға шығамын" деп жазғанмын. Соны тергеуші біліп отыр. Бүгін жауап алу кезінде "Рұқсат етілмеген пикетке шыққаныңызда 150 мың теңге айыппұл төлейтін едіңіз" деді. Күш құрылымдары белсенділердің жеке хабарламаларын да қадағалайтын болып тұр ғой, - деп күмәнданады Бағдагүл Диярова.

Полиция қылмыстық істің куәсі ретінде жауап алған Бағдагүл Диярова түрмеде отырған белсенді Ермек Нарымбаевты босатуды талап етіп, 23 ақпан күні облыс әкімдігі жанындағы алаңға бармақшы болған. Бірақ қала әкімдігі Диярованың пикет өткізуіне рұқсат бермеген. Диярованың сөзінше, әкімдік белсендінің хабарламасына 22 ақпан күні кешке жауап берген.

"Диярованың хабарламасы бейбіт жиналыстарды реттейтін заңда көрсетілген талаптарға сай болмады. Оны өзіне хабарладық. Қайта өтініш тапсыруға құқығы бар" деп хабарлады Ақтөбе қаласының әкімдігі.

Тіркелмеген "Демократиялық партияның" Ақтөбедегі жақтастарының бірі, 58 жастағы белсенді Бағдагүл Диярова жалғыз өзі пикетке шығу туралы ойынан айнымағанын айтады. Ол қамауда отырған белсенді Ермек Нарымбаев бостандыққа шығады деп үміттенеді.

Қазақстандық құқық қорғаушылар қамаудағы Нарымбаевты саяси тұтқындар тізіміне енгізген. Ермек Нарымбаев 2010 жылғы 1 мамырда Алматыда Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың отставкаға кетуін талап еткен демократиялық күштер жиынында "Назарбаев, кет!" деп ұрандаған. Сол күні кешке оны полиция ұстап әкетіп, "тәртіп бұзды" деген айыппен 15 тәулікке қамаған. Кейін қамауда отырған белсендіге "сотқа құрмет көрсетпеді" және "полицейлерге күш көрсетті" деген айыптар тағылды.

Алматының Бостандық аудандық соты осы екі айып бойынша 2010 жылғы 26 маусымда Ермек Нарымбаевты төрт жылға бостандығынан айырды. 2012 жылғы 25 ақпанда билік рақымшылық жасап оны қамаудан босатқан.

2016 жылғы шілдеде Ермек Нарымбаев биліктің рұқсатынсыз Қазақстаннан Украинаға кетіп қалды. Жуырда Қазақстанға оралып, әуежайдан бірден ұсталған саяси белсенді Ермек Нарымбаев қазір Алматы облысы Заречный кентіндегі түрмеде қамауда отыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG