Accessibility links

Кентау әкімі ірі көлемде пара алды деген күдікке ілінді


Кентау қаласы.
Кентау қаласы.

Түркістан облысы Кентау қаласының әкімі ірі көлемде пара алды деген күдікке ілінді. Бұл жөнінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті хабарлады.

Департаменттің мәліметінше, шенеунік "2022 жылы 23 ақпанда сенімді тұлғалары арқылы мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында осы қалада автокөлік жолдарын жөндеумен айналысатын серіктестік директорынан 98 500 АҚШ доллары (42 млн 500 мың теңгеге баламалы) көлемінде пара алған". Қазір күдікті қамауға алынған. Мекеме тергеу жалғасып жатқанын хабарлады.

Күдіктінің адвокаты мен туыстарының іс бойынша қандай да бір мәлімдеме жасағаны туралы мәлімет жоқ.

Жемқорлықпен күрес агенттігі билік тармақтарында жұмыс істейтін шенеуніктердің жемқорлықпен ұсталғанын жиі хабарлайды. Билік парақорлықпен күресу мақсатында көптеген бағдарлама ұсынса да, Қазақстан әлемдік жемқорлық индексінде "парақорлық жайлаған елдердің" қатарында тұр.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің мәліметінше, былтыр қаңтар мен қараша айы аралығында 1576 сыбайлас жемқорлық қылмысы тіркелген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG