25 ақпанда Қызылордада ондаған шаруа облыс әкімдігінің алдына жиналып, жер дауын шешіп беруді талап етті. Шаруалар екі жыл бойы жалғасып келе жатқан жер дауына әкімдіктің нүкте қойғанын қалайды.
Сырдария ауданына қарасты Шаған ауылындағы тұрғындар арасында егістік жерлерге талас 2020 жылы басталған. Сол жылы елді мекен маңындағы жерлердің (шамамен алты мың гектар жер) 49 жылға 6 адамға берілгенін білген диқандар сотқа жүгініп, өз үлестерін қайтарып алған. Жергілікті тұрғындардың қатысуымен күріш егумен айналысатын "Шаған Жер" ЖШС құрылтайшылары қайта сайланып, серіктестіктен 202 адам өздерінің жер үлестерін алып, бөлінген. Наразылардың айтуынша, сол бөлек шыққан азаматтар енді өзге шаруаларға "көктемгі егіс науқанына кірісуге кедергі жасап отыр".
– Алақандай ауыл тұрғындары арасында алауыздық туындағалы 2 жылдан асты. Жылда егіс басталарда және орақ кезде осындай дауға ұшырасамыз. Биыл да көктем келмей жатып, дау қайта тұтанды. Серіктестіктен бөлініп шығам дегендерге 360 гектар жер үлестерін бөліп те бердік. Тұрғындарды арандатып отырған шаруашылықтың бұрынғы құрылтайшысы екенін бәріміз білеміз. Серіктестіктің бұрынғы құрылтайшыларының заңсыз сайланғаны жөнінде сотқа шағымданып, жеңіп шықтық. Олар серіктестік алдындағы қарызын да қайтару керек еді. Бірақ әлі күнге дейін бұл мәселе шешілмеді. Өткенде бізге қарсы тарап, Нұр-Сұлтан қаласына барып, ауыл шаруашылық министрлігіне кіріпті. Олардың Ербол Қарашөкеевпен кездесуіне сенат депутаты жәрдемдескен. Біз сенатордың дауға негізсіз килікпеуін талап етеміз. Депутат әділ болса министрге екі тараптың өкілін де қабылдаттыру керек еді, - дейді "Шаған Жер" ЖШС бригадирі Жүсіпбек Райымбеков.
Наразылардың сөзіне қарағанда, қарсы тарап "көктем сайын егін еккізбей, шағым түсіріп жұмыстың берекесін қашырады".
Әкімдік алдына жиналғандарға Сырдария ауданының әкімі Мұрат Ергешбаев келіп, ортадан он шақты адам шығып, облыс әкімімен кездесуге баруға көндірді. Қалғандары әкімдіктің автотұрағында қалды. Полиция қызметкерлері Азаттық тілшісі мен өзге республикалық арналардың әкімдікке кіруіне мүмкіндік бермеді. Тек жергілікті телеарнаның бір операторына ғана жиналысты түсіруге рұқсат етті.
Жиналғандардың кейбірінің қолдарында талап-тілектері жазылған плакаттары болды. Бірақ олар ашып көрсеткен жоқ. Әкіммен кездесуге кеткендер Гүлшара Әбдіқалықовамен жолыға алмады. Оның орынбасары Бақыт Жахановпен кездесіп, мәселесін жеткізді. Алайда тұрғындар талаптарының орындалмағанын айтады. Әкімдік өкілдері жағдайды жіті бақылауға алуға кезекті уәдесін беріп, шығарып салды дейді диқандар.
Ал "Шаған Жер" ЖШС-нен бөлініп шыққан бір топ азамат 25 ақпанда кешке қарай Facebook әлеуметтік желісінде видеоүндеу жариялап, әкімдікке келген ауыл тұрғындарының сөзін жоққа шығарды. Олар өздеріне бөлініп берген жердің күріш егуге жарамсыз екенін айтып, құнарлы жерден үлестерін алғысы келетіндіктерін жеткізді. Сонымен қатар шағандықтар айыптаған серіктестіктің бұрынғы құрылтайшысымен еш байланысымыз жоқ деп мәлімдеді.
Қарай отырыңыз: Тұрғындар кәсіпкерден жерді қайтарып ала алмай жүр (16 ақпан 2021 жыл).
ПІКІРЛЕР