Accessibility links

Алматыда ауаның ластануына қарсы митинг өтті. Билік Украинаға қолдау білдіргендерге ескерту жасады


Алматыдағы митинг. 26 ақпан 2022 жыл.
Алматыдағы митинг. 26 ақпан 2022 жыл.

Алматыда сенбі күні түскі сағат 12 шамасында Шоқан Уәлиханов атындағы алаңда қала ауасының ластануына қарсы митинг басталды. Оған шамамен 100-150 адам жиналды. Екі сағатқа созылған шара кезінде қала экологиясы ғана емес, көрші елдердегі күрделі ахуал айтылды.

Азаттық Инстаграм парақшасында тікелей эфирде хабар таратты.

Митинг Қаңтар қырғыны құрбандарын еске алып, үнсіздік жариялаудан басталды. Митингіге жиналғандар Ресейдің Украинаға соғыс ашуын айыптап, украиналықтарға қолдау білдірді.

Ауаның ластануына қарсы митинг. Алматы, 26 ақпан 2022 жыл.
Ауаның ластануына қарсы митинг. Алматы, 26 ақпан 2022 жыл.

Әкімдік өкілдері мен полиция ұйымдастырушыларға Украинадағы жағдайды айта бермеуді талап етті, әйтпесе шараны тоқтататынын айтты.

Жиналғандар Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың шараға келмегенін айтып, "бұл әкімнің қалаға қатынасын айғақтайтын маңызды көрсеткіш" деді.

Митингіде сөйлеген азаматтар билік қала ауасын жақсарту бойынша уәдені үйіп-төккенмен іс жүзінде барған сайын ауа ластанып бара жатқанын, тұрғындардың зардап шегіп жатқанын алға тартты. Шара кезінде қаланың әрбір төртінші тұрғыны тыныс ауру түрлерімен ауыратыны айтылды. Олар экобелсенділер әзірлеген Алматы ауасын тазарту бағдарламасын жүзеге асыруға шақырды. Онда 2025 жылға дейін қаладағы барлық ТЭЦ-ті газға көшіру, ауаға азырақ қалдық шығаратын қоғамдық көлік түрлерін дамыту, жер үйлерге газ тарту, тығыз құрылыс жүргізе бермеу қажеттігі жазылған.

Азаматтардың қолында "Тыныс алғым келеді", "ДемАлматы 202?", "Таза ауаға бостандық" сияқты ауаның ластануын тоқтатуды талап еткен түрлі плакаттар болды.

Митинг кезінде Алматы дүниежүзіндегі ауасы ең лас 30 қаланың бірі екені айтылды.

Оқиғаны сырттан полиция бақылады.

Митингіні "Алматы таза ауа", "Халыққа адал қызмет" бірлестігі, Almaty Clean Air and Water Action, қалалық экобелсенділер ұйымдастырған. Шараны өткізуге қала билігі келісім берген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG