Украинадағы қазақстандықтар мінген автобус Польшаға әлі жете алмады. Оған шекараға бара жатқан жолдағы ірі кептеліс себеп. Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров сенбі күнгі брифинг кезінде осылай деп мәлімдеді.
"Шекараға жіберілген алғашқы рейстер Львовқа әлі оралған жоқ. Олар тас жолда кезекте тұр. Басқа автобус жүргізушілері бірнеше күн бойы кептеліске түсіп қалуы мүмкін екенін біліп, жол жүруден бас тартып жатыр. Егер басқа күндері автобустың бағасы арзан болса, қазір 10-15 есеге өсіп кетті. Бір автобусты жіберу үшін 20 мың долларға дейін сұрайды" деді Айбек Смадияров.
Оның айтуынша, бір автобустың шекара бекетінде тұрғанына 7 сағат болған. Автобус ішінде балалар мен әйелдер бар. "Жағдайдың қандай екенін сезіп тұрған боларсыздар" деді Смадияров.
Ол сол жақтан туыстарын күткен азаматтарды сабырға шақырып, қазақстандықтарды қайтару үшін өзге де рейстер ұйымдастырылатынын айтты. Украинадан оралған барлық қазақстандықтарға рейстер тегін.
Оның айтуынша, Қазақстанның Украинадағы елшілігіне эвакуация бойынша 528 өтініш келіп түскен. Рейстер Польшаның Катовице қаласынан Атырауға ұшады. Артынша Алматыға келеді. Бұған дейін Польшадан алғашқы рейс 26 ақпан түнде келеді деп жоспарланған еді.
ПІКІРЛЕР