Accessibility links

Созақта "Қазатомөнеркәсіпке" еншілес кәсіпорын жұмысшыларының жалақыны өсіру талабы ішінара орындалды


Созақ ауданындағы "Қазатомөнеркәсіп" компаниясымен еншілес "Волковгеология" кәсіпорнының жұмысшылары жалақы өсіруді талап етеді. 24 ақпан 2022 жыл.
Созақ ауданындағы "Қазатомөнеркәсіп" компаниясымен еншілес "Волковгеология" кәсіпорнының жұмысшылары жалақы өсіруді талап етеді. 24 ақпан 2022 жыл.

Түркістан облысы Созақ ауданындағы "Қазатомөнеркәсіп" компаниясына еншілес "Волковгеология" кәсіпорнының "Оңтүстік ВГ ГРЭ-7" филиалы жұмысшыларының айлық жалақыны 100 пайызға көтеру талабы ішінара орындалды. Кәсіпорын жұмысшыларға жалақыны 20 пайызға көтеріп, жоспар көлемін азайтуға келіскен. Бұл туралы Азаттыққа кәсіпорын жұмысшылары хабарлады.

"Оңтүстік ВГ ГРЭ-7" филиалында бұрғылау шебері болып жұмыс істейтін Нұрлан Бековтің айтуынша, жұмысшылар 25 ақпан күні кешке жұмыс істеуге кіріскен. Жұмысшылар мен кәсіодақтың келіссөзіне Созақ ауданы әкімдігі, Түркістан облыстық еңбек инспекциясы араласқан. Кәсіпорын айлық жалақыны 20 пайызға көтеруге келіскен соң жұмысшылар жоспар көлемін азайтуға ұсыныс тастаған. Бұрын жоспар 5 ұңғыма жасау болса, қазір 4 ұңғыма болып бекітілген.

- Қазір жұмысшылар толық құраммен жұмыс істеп жатыр, - дейді Беков.

Әзірге кәсіпорын бұл туралы ресми ақпарат таратпады.

Кәсіпорын мен жұмысшылар арасындағы келіссөзге қатысқан Созақ ауданы әкімдігі кәсіпорын қайта жұмыс істей бастағанын растады. Жоспар көлемі азайғанын, ал жалақы мөлшерін көтеру үшін кәсіпорын әкімшілігі мен өндіріс шеберлері есеп жүргізіп, ортақ келісімге келетінін хабарлады.

23 ақпан күні кешке "Оңтүстік ВГ ГРЭ-7" филиалының жүздеген жұмысшысы бір мезетте жұмысын тоқтатып, айлық жалақысын 100 пайызға көтеруді талап еткен. Кәсіпорында жұмысшылары айлық жалақы 65-140 мың теңге екенін айтып шағынған. "Оңтүстік ВГ ГРЭ-7" филиалында мыңнан аса адам вахталық тәртіппен жұмыс істейтінін, 500 жұмысшы кәсіпорын басында жұмысын тоқтатқанын мәлімдеген. Олар талабын кәсіпорын басшылығына жазып, ұжымдық хат ретінде жіберген. Жұмысшылар талаптары орындалмаған жағдайда президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жариялайтынын ескерткен.

"Қазатомөнеркәсіп" компаниясының ресми сайтында "Волковгеология" кәсіпорны компания құрамына 1997 жылы кіргені жазылған. Кәсіпорын компанияның ұран кен орындарын іздеу және барлаудан бастап, оны өндірістік пайдалануға енгізу және технологиялық бұрғылаумен айналысады.

Кәсіпорынның жер-жердегі алты филиалында төрт мыңнан аса адам жұмыс істейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG