Accessibility links

Қазақстандық қоғам белсенділері Украинаға көмек ретінде дәрі-дәрмек жинай бастады


Украина халқын қолдаған студенттер Украинаның Нұр-Сұлтандағы елшілігі алдында. 25 ақпан 2022 жыл.
Украина халқын қолдаған студенттер Украинаның Нұр-Сұлтандағы елшілігі алдында. 25 ақпан 2022 жыл.

Қазақстандық қоғам белсенділері Ресейдің Украинаға басып кіруін айыптап, Украинаға көмек ретінде дәрі-дәрмек жинай бастады.

"Біз, біртұтас көпұлтты Қазақстан халқы, жуырда ғана қорқынышты қанды қаңтар оқиғасын бастан өткердік, енді қазір Кремльдің Украинаға қарсы әскери агрессиясына жүрегіміз қан жылап куә болып отырмыз. Біздің ойымызша, Украинаның тәуелсіздігі мен егемендігі – украин халқының қорғауға тиіс даусыз құқығы. Біз осындай қолсұғушылықтан Қазақстан тәуелсіздігін де қорғау қажеттігіне сенімдіміз" делінген белсенділер үндеуінде.

Мәлімдемеге құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина, журналистер Ермұрат Бапи, Қарлығаш Еженова, "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясының бұрынғы жетекшісі Мұхтар Жәкішев, суретші Сәуле Сүлейменова, кәсіпкер Марғұлан Сейсембаев, белсенділер Арман Шораев, Тоғжан Қожалиева және өзге адамдар қол қойған.

Мәлімдеме авторларының айтуынша, кез келген соғыста адам шығыны болады, ғимараттар қирайды. Олар оқиғаға алаңдап отырған азаматтарды украин халқын қолдап, дәрі-дәрмек және өзге де медициналық заттарды жинауға шақырды.

Дәрі-дәрмек жинайтын пункт ретінде екі орын көрсетілген: Украинаның Нұр-Сұлтандағы елшілігі (Жылыой көшесі, 12, Қараөткел-2 ықшамауданы) және Алматының Фонвизин, 10 мекен-жайындағы ғимараты. Хабарламада дәрі-дәрмекке жинайтын қаражатты Тоғжан Қожалиеваның 4400430184053327 нөмірдегі Kaspi картасына (карта 87019257585 нөміріне тіркелген) аударуға болатыны жазылған. Хабарламада "Украина үшін" деп жазу керек.

24 ақпанға қараған түні Мәскеу Украина территориясына басып кіріп, елді мекендерді зымыранмен атқылай бастады. Оның алдында Ресей басшысы Владимир Путин Украина шығысындағы "Луганск халық республикасы" және "Донецк халық республикасы" сепаратистік құрылымдардың "тәуелсіздігін" мойындаған. Донбаста "арнайы әскери операция" жүргізетінін мәлімдеген Путин Мәскеу Украинаны жаулап алуды көздемейді, тек әскери инфрақұрылымына ғана соққы беретінін айтқан.

Алайда Украина билігі шабуылға азаматтық нысандар да ұшырағанын хабарлады. Қаза болғандар арасында бейбіт азаматтар бар. Бір бөлігі - балалар. Өткен түні Киев маңы мен қаланың ішінде қызу шайқастар жүрді. 26 ақпанда зымырандардың бірі Киевтегі көп қабатты тұрғын үйлердің біріне тиді. Украина билігінің айтуынша, қаза болғандар жоқ, жараланғандар бар.

Батыс елдері Ресейдің әрекетін қатаң айыптап, жаңа санкциялар жариялады. Ресейдің жақын одақтасы Қазақстан ресми ұстанымын білдірмеді.

Алматы мен Нұр-Сұлтанда осы аптада Ресейдің Украинаға соғыс ашуын айыптап, украин халқына қолдау білдірген акциялар өтті. Кейбірінде белсенділер ұсталды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG