Accessibility links

Қазақстанның Украинадан Польшаға өткен азаматтарын әкелетін алғашқы рейс Атыраудан ұшты


Польшаның Катовице қаласының әуежайы
Польшаның Катовице қаласының әуежайы

Украинадан Польшаға эвакуацияланған азаматтарды Қазақстанға жеткізу үшін "Эйр Астана" әуе компаниясының алғашқы КС 2203 рейсі Атырау қаласынан Польшаның Катовице қаласына ұшып кетті. Бұл ақпаратты Қазақстанның азаматтық авиация комитеті жариялады.

Ұшақ Атыраудан 28 ақпанда Нұр-Сұлтан уақытымен 9:53-те ұшқан. "Бүгін Катовице уақытымен 179 орындық А321 ұшағы 10:30-да Атырау қаласына қайта ұшуға тиіс" дейді хабарламада.

Екінші рейс 1 наурызда жасалуы мүмкін.

25 ақпанда Қазақстанның Украинадағы елшісі Дархан Қалетаев рейс ұйымдастыру жөнінде "Эйр Астана" әуе компаниясының президенті Питер Фостермен келісім бар екенін хабарлаған.

Алғашқы рейс 26 ақпанда, түнгі сағат екіде Атырауға келеді деп жоспарланған еді. Алайда Украина-Польша шекарасында үлкен кептеліс пайда болып, Қазақстан азаматтары да кідіріп қалғаны белгілі болған. 27 ақпанда Қазақстан БАҚ-тары Украинадағы қазақтардың алғашқы тобы Польшаға жеткенін хабарлаған.

Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің өкілдігі де 28 ақпанда 9:30-да Киевтегі дипломатиялық өкілдіктен елу орындық автобус Львов қаласына қарай шығатынын айтқан болатын.

Қазақстан елшілігінің мәліметіне қарағанда, Украинадан алып кету жөнінде Қазақстанның 486 азаматы өтініш жасаған. Украинадағы Қазақстанның консулдық есебінде мың жарымнан астам адам бар. Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, Қазақстан азаматтары негізінен Киев қаласында және Киев, Одесса, Харьков, Львов облыстарында тұрады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG