Accessibility links

Беларусьтің Гомель қаласында Ресей-Украина келіссөзі өтеді


Украина жерінде кетіп бара жатқан Ресей танкілері. 24 ақпан 2022 жыл
Украина жерінде кетіп бара жатқан Ресей танкілері. 24 ақпан 2022 жыл

Беларусьтің Гомель қаласында Украина мен Ресей келіссөзі басталмақ. Ресей әскері Украинаға басып кірген соң соғыс жүріп жатқан уақытта екі тарап алдын ала қандай да бір шарт қоймастан келіссөз жүргізуге келісті. Ресей әскерінің Украинаға басып кіргеніне бесінші күн болды.

Украина делегациясын қорғаныс министрі Алексей Резников бастап барады. Украина делегациясының бір мүшесі, парламенттегі "Слуга народа" фракциясының жетекшісі Давид Арахамия Facebook парақшасына "келіссөз Украинаға қажет бағытта өтетінін, әйтпесе нәтижесіз аяқталатынын" жазды.

- Оларды тыңдап, барлық ұсыныстарын еліміздің мүддесіне қалай ықпал ететінін таразылау керек,- деп нақтылады ол.

Украина президенті кеңсесі "келіссөздің негізгі мәселесі – ұрысты тоқтатып, Ресей әскерін Украинадан шығару" болады деп хабарлады.

Ресей делегациясының басшысы Владимир Мединский "мейлінше жылдам" келісімге келуден үміттенетінін айтты, бірақ қандай талап қоятынын нақтыламады. Бұған дейін президент Владимир Путин "әскери операцияның" мақсаты "Украинаны ұлтшылдардан тазартып, қарусыздандыру" деген еді.

Өткен тәулікте ұрыс қимылдары Харьков пен Киев түбінде және Донбасс пен Украинаның оңтүстігінде жалғасты. Қазір Харьков пен Киев Украина қарулы күштерінің бақылауында тұр. Ресей қорғаныс министрлігі Ресей әскерінің Азов теңізі маңындағы Бердянск қаласы мен Запорожье облысындағы Энергодар қалаларын және Запорожье АЭС-ін алғанын мәлімдеген. Украина Бердянскіден айырылған растайды, бірақ АЭС-ті Ресей алғанын жоққа шығарады. "ЗАЭС толығымен Украина бақылауында жұмыс істеп, елімізді электр қуатымен қамтамасыз етіп тұр" дейді "Энергоатом" компаниясы.

Ресей қорғаныс министрлігі әскери шығыны жайлы ақпарат таратпай отыр.

Украина қорғаныс министрлігі бас штабы "қарсылас моральдық тұрғыдан әлсіреді және көп шығынға батты" дейді. Ресей зымырандары Житомир мен Черниговадағы тұрғын үйлерге түскені айтылып жатыр. Украина мәліметтеріне қарағанда Ресейдің 5 мыңнан астам жауынгері оққа ұшқан. Бірақ бұл мәліметтерді тексеру мүмкін емес.

Британияның The Times басылымы "Кремльдің тапсырмасымен Киевте 400-ден астам Ресей жалдамалысы жүр" деген ақпарат таратты. Оларға "президент Владимир Зеленский мен министрлер кабинетінің мүшелерін өлтіріп, Киевті Мәкеудің бақылауына алуға дайындық жүргізу тапсырылған" көрінеді. Сөз "Вагнердің" әскери жеке компаниясының жалдамалары туралы болып отыр. Бірақ Ресей бұл құрылымның бар екенін білмейтінін айтады. Ресей қорғаныс министрі Киевте Ресей диверсанттары жоқ, ал онда атысып жатқандар "қаланы тонаушылар мен ұлтшылдар арасындағы атыс" деп сипаттайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG