Accessibility links

Сауалнама қорытындысы: Азаматтардың басым бөлігі Өзбекстан Қазақстанға жақын маңға АЭС салатынын білмейді


 Эколог Дмитрий Калмыков. 20 мамыр 2021 жыл. Қарағанды облысы.
Эколог Дмитрий Калмыков. 20 мамыр 2021 жыл. Қарағанды облысы.

Өзбекстан Қазақстан шекарасына жақын маңға атом электр станциясын салады деген ақпаратты естігеннен кейін қазақстандықтар арасында интернет-сауалнама жүргізген"Қарағанды облыстық экология музейі" қоғамдық бірлестігінің тәуелсіз экологтары сауалнама қорытындысын жариялады. Бұл жөнінде 28 ақпанда Азаттыққа эколог Дмитрий Калмыков хабарлады. Эколог бұрын Чернобыль апатының салдарын жоюға қатысқан, Семей ядролық полигоны радиациясына байланысты зерттеулер жүргізген.

Сауалнама барысында азаматтарға 11 сұрақ қойылған. Басында сауалнамаға көп адам қатысатыны жайлы болжам болған. Алайда оған әлеуметтік статусы әр түрлі 18-75 жас аралығындағы жүздеген адам ғана қатысқан.

Интернет-сауалнама қорытындысы бойынша, көптеген азамат Өзбекстан Қазақстан шекарасы маңына (шамамен 50 шақырым) АЭС салуды жоспарлап отырғанын білмейді. Мұны экобелсенділер де айтады. Олардың айтуынша, ресми мәлімет болмағандықтан қазақстандықтар арасында түсіндірме жұмыстарын ешкім жүргізбеген. Қазір де ол туралы ақпарат аз. Ал станция салынатынын білетін аз топ ресми ақпаратты негізінен әлеуметтік желіден білгені, тек кейбірі ғана ресми ақпараттан естігенін айтқан.

Сауалнамаға қатысқандардың басым бөлігі яғни, 90 пайызы АЭС салуға қарсы шыққан. Қалған он пайызы жобаны қолдаған. Сұраққа жауап бергендердің 90 пайыздан астамы Өзбекстан АЭС қауіпсіздігіне кепілдік бере алмайды деп санайды. Интернет-сауалнамаға қатысқандардың басым бөлігі бұл бойынша жалпыхалықтық референдум өтуі тиіс деп есептейді. Сұралғандардың 11 пайызы АЭС жобасын қолдайтынын айтқан.

Сауалнамаға қатысқандардың жартысынан астамы Өзбекстандағы АЭС-тен еш пайда жоғын айтқан. Өзбекстанда АЭС салу кезінде Қазақстан халқының пікірі ескерілуі тиіс пе деген сұраққа көбі "иә" деп жауап берген. "Қажет жоқ" деп жауап бергендер де бар. Жиналғандардың 18 пайызы елде атом энергетикасын дамыту қажет деген. Ал 62 пайызы атом энергетикасын дамыту керек жоқ деп санайды.

Бұған дейін аталған ұйым өкілдері осындай сауалнаманы офлайн да өткізген. Белсенділер Қазақстанның оңтүстігіндегі бірнеше елді мекен: Шымкент қаласы, Түркістан облысының төрт ауданы: Жетісай, Мақтаарал, Сарыағаш, Шардара аудандарын аралаған. Өзбекстан шекарасына жақын жерде тұратын тұрғындар сауалнамаға өте белсенді қатысқан. Сауалнамаға қатысқандардың 70 пайызға жуығы жақын маңда Өзбекстан АЭС салатынын білмеген. Басым бөлігі (90 пайыз) АЭС салу идеясын қолдамайды, 92 пайызы мәселе Қазақстанмен талқылануы тиіс деп есептейді.

Экологтар офлайн және онлайн сауалнаманың жалпы қорытындысын үкімет пен президент әкімшілігіне жіберуді жоспарлап отыр.

  • Кейінгі кезде Қазақстанда да билік АЭС мәселесін жиі айта бастаған. Ақпанда президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында Қазақстан "атом электр энергиясына" зәру деген. Былтыр қыркүйекте аймақаралық ынтамақтастық форумы кезінде Ресей президенті Владимир Путин "Қазақстан АЭС салуды ұйғарса, Ресей көмектесуге даяр" деп мәлімдеген. Ол станция ғана емес, тұтас атом саласын дамыту жөнінде ұсыныс айтқан. АЭС қажеттігін жиі алға тартып жүрген билік халық пікірін ескеретінін, халық арасында "түсіндіру жұмыстарын" жүргізетінін айтқан.
  • Халықаралық энергетика саласының сарапшылары және бірқатар жергілікті мамандар АЭС жобасын "қауіпсіздігіне кепілдік жоқ, тым қымбат" және ғаламдық жылынумен күресте "тиімсіз құрал" деп атаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG