Accessibility links

Нұрқаділовтің ұлы әкесінің қазасын әділ тексеруді талап етті. Бас прокуратура өтініш түскенін растады


Қайрат Нұрқаділов әкесі Заманбек Нұрқаділовтің 70 жылдығына арнадған еске алу асында сөйлеп тұр. Алматы, 17 қаңтар 2014 жыл.
Қайрат Нұрқаділов әкесі Заманбек Нұрқаділовтің 70 жылдығына арнадған еске алу асында сөйлеп тұр. Алматы, 17 қаңтар 2014 жыл.

2005 жылы Алматыдағы үйінде жұмбақ жағдайда қаза тапқан оппозициялық саясаткер Заманбек Нұрқаділовтің ұлы Қайрат Нұрқаділов бас прокуратураға өтініш тапсырып, әкесінің өлімін қайта тексеруді талап етті.

"Жаңа бас прокурор Берік Асылов бүгін-ақ менің өтінішіммен танысады деп үміттенемін, оның қадағалауымен іс әділ тергеледі деп күтемін" деді ол бейсенбі күні ҚазТАГ агенттігіне.

3 наурызда Бас прокуратураның баспасөз хатшысы Дархан Дүйсебаев Азаттық тілшісіне өтініштің келгенін растады.

– Өтініш түсті. Қазір қаралып жатыр. Заңмен белгіленген тәртіпте қаралады. Ол ұзақ қарала ма, әлде тез қарала ма, ол жағын айта алмаймын. Мән-жайы анықталады, - деді баспасөз хатшысы.

Бейсенбі күні бас прокурор қызметіне ресми түрде тағайындалған Берік Асылов Азаттық тілшісіне әзірге өтініштен хабары жоғын айтты.

Алматы қаласы мен Алматы облысының бұрынғы әкімі, бұрынғы төтенше жағдайлар жөніндегі агенттік басшысы Заманбек Нұрқаділов 2005 жылғы қарашаның 12-сі кешкісін Алматыдағы үйінде жұмбақ жағдайда қаза тапқан. Ресми тергеу "Нұрқаділов өз-өзін екі рет кеудесінен және бір рет басынан тапаншадан атып қаза болған" деген қорытынды жасады. Бірақ оппозиция "билікті сынаған қайраткер қастандық құрбаны болған" деп санайды.

"Менің әкем – Заманбек Қалабайұлы Нұрқаділовті белгісіз біреулер 2005 жылы үйінің маңында атып кеткен. Әкемді өлтіріп кеткені анық болса да, өзіне қол жұмсау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оның жүрегіне екі рет, басына бір рет оқ атылғаны туралы бұлтартпас айғақтардың өзі оның өзіне қол жұмсамағанын техникалық тұрғыда дәлелдейді" деп жазылған Қайрат Нұрқаділовтің бас прокуратураға жолдаған өтінішінде. Оның арызынан ҚазТАГ агенттігі үзінді келтіреді.

Қайрат Нұрқаділов өтініште бұрын әкесінің өлімі бойынша қозғалған істе жәбірленуші болып танылғанмен тергеу органдарынан моральдық қысым болғанын айтқан.

"Іс материалдарымен танысуға мүмкіндік берген жоқ, оқуға мүмкіндік бермей қол қоюға мәжбүрледі" деді Нұрқаділов.

Ол әлі күнге дейін әкесінің өліміне кінәлілердің анықталмағанын және жазасыз қалғанын алға тартады.

"Әкемді өлтіруге не себеп болғаны және өлімінің жай-жапсары анықталған жоқ. Саяси жағдай, белгілі бір жағдайға тәуелділік, өзің мен жақындарыңның өміріне алаңдау жылдар бойы осындай мәлімдеме жасауға кедергі келтірді. Мен ұлы ретінде, азамат ретінде қылмыстық істі қайта жандандырып, әділ тергелуін талап етемін" деді Қайрат Нұрқаділов.

Ол өтініште әкесін қастандықпен өлтірді деп санайтынын да жеткізген.

2004 жылы наурызда Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатын сынап мемлекеттік қызметтен екінші рет кеткеннен кейін Заманбек Нұрқаділов елдегі оппозиция қатарына қосылып, Қазақстандағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғамдық комитет құратынын жариялаған. Сарапшылар 2000-жылдардың басында оппозицияда жүрген бірқатар тұлғалардың өлімінен кейін Қазақстан билікке қарсы пікірді жаншып, авторитаризмді күшейту жолына түсті деп санайды.

Қарай отырыңыз: Нұрқаділовтің жұмбақ қазасы (Қараша айы, 2020 жыл).

Нұрқаділовтің жұмбақ қазасы. Саясаткердің көзін көрген жандар не дейді?
please wait

No media source currently available

0:00 0:51:38 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG