Accessibility links

Ресейде бірқатар тәуелсіз БАҚ сайттары қиындықпен ашылады, кейбірі жабық


Ресейде 4 наурызға қараған түні Азаттықтың Орыс қызметінің сайты ашылмай қалды. Оның алдында реттеуші орган редакцияға сайтты бұғаттауы мүмкін екенін ескерткен.

Жұмаға қараған түні Ресей қолданушылары "Медуза", BBC, Deutsche Welle сайттарының ашылмай қалғанын жазды. Globalcheck мәліметіне сәйкес, Ресей аумағында Facebook және Twitter желілері де кедергіге ұшыраған.

Азаттықтың Орыс қызметіне жіберілген хабарламада сайтта "қоғамдық маңызды ақпараттың бұрмаланып берілгені" жөнінде ескерту бар. Роскомнадзор сайттағы "Ресейдің Украинаға басып кіргені жөнінде" ақпаратты шындыққа сәйкес келмейді деп таныған. Роскомнадзордың айтуынша, Ресей "Украинамен соғысып жатқан жоқ, оны ресми дереккөздер, оның ішінде Ресей қорғаныс министрлігі" айғақтаған.

Соғыс туралы ақпарат таратқаны үшін бұған дейін Азат Еуропа/Азаттық радиосының "Настоящее время" жобасы, Азаттықтың Украин қызметінің "Крым.Реалии" жобасы бұғатталған.

Бір ай ішінде Азаттықтың Орыс қызметі Роскомнадзордан ондаған ескерту алған, арасында оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйдың командасы мен "Проект" басылымының зерттеулері негізінде жазылған мақалаларды өшіру туралы талаптар бар.

Азат Еуропа/Азаттық радиосы медиакорпорациясының президенті Джейми Флай сол кезде редакция бұл талаптарды орындамайды деп мәлімдеген.

"Біз Кремльге редакциялық шешімдерді таңуға жол бермейміз" деген еді Джейми Флай.

Совет режимі тұсында Азаттық радиосы эфирінің таралуына ұзақ жылдар бойы бөгет жасалып келді. Мәскеу тек 1988 жылы ғана оны тоқтатты. 1991 жылғы бүліктен кейін билік Мәскеудегі радиостанция бюросын ашуға келіскен.

Президент Владимир Путин билікке келгелі бері тәуелсіз баспасөзге қысым үдеді. 2021 жылы Ресей "Шекарасыз тілшілер" халықаралық құқық қорғау ұйымының баспасөз рейтингісінде 180 елдің арасында 150-орынды иеленді.

Ресейде бұған дейін "Дождь" телеарнасының сайты бұғатталып, бас редакторы мен әйеліне қоқан-лоқы жасалғаннан кейін телеарна ұжымы эфирді тоқтатуға мәжбүр болған. Елде әуезқойлардың DOXA интернет-журналы, The Village, Тайга.инфо сайттары жабылды. "Новая газета" редакциясы басылым демеушілері дауыс бергеннен кейін цензурамен келісуге мәжбүр болды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG