Accessibility links

Ұлыбритания Ресейді Украинада "вакуумдық бомба" орналастырды деп айыптады


Ұлыбритания қорғаныс министрі Бен Уоллес.
Ұлыбритания қорғаныс министрі Бен Уоллес.

Ұлыбритания Ресейді Украинада кәдімгі бомбалардан әлдеқайда күшті термобарикалық қару жүйесін орналастырды деп айыптады. Ұлыбритания қорғаныс министрі Бен Уоллес 3 наурызда НАТО бойынша одақтасы Эстонияға барған кезде осылай деп мәлімдеді.

"(Ресей президенті Владимир Путин) қаншалықты алысқа барады, өз мақсатына жету үшін қандай қару түрін пайдалануға рұқсат етеді, бұл жағы белгісіз. Бірақ орасан көп артиллерия қолданылғанына куә болдық. Термобарикалық артиллерия жүйесін орналастырғанын көрдік және оны қаншалықты кеңінен пайдалануы мүмкін, соған алаңдаймыз" деді Бен Уоллес.

Украина үкіметі мен адам құқығын қорғау ұйымдары бұған дейін де Ресей термобарикалық қару қолданған болуы мүмкін деп мәлімдеген. Әскери сарапшылар Ресей басқыншылығы кезінде осындай қару түрін қолдануға мүмкіндік беретін әскери жабдықтың Украина аумағына кіргені жөнінде видео пайда болғанын хабарлаған.

Бұған қатысты Ресей әзірге түсініктеме бермеді.

Кейде "вакуумдық бомба" деп аталатын қарудың термобарикалық түрлері ірі жарылыс жасау үшін ауадағы оттегіні сіңіріп алады. Мұндай бомбалар сондай көлемдегі жарылғыш заттарға қарағанда әлдеқайда күшті, салдары да күрделі. Сарапшылар мұндай бомба жарылыс радиусындағы барлық нәрсені қырып-жоятынын айтады.

(Ресей-Украина соғысы бойынша барлық ақпаратты лайфблоггингтен таба аласыз)

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG