Accessibility links

Қытай Украинадағы жағдайға алаңдаушылық білдірді


Қытай азаматтары Ресей-Украина соғысына қатысты жаңалықтарды тыңдап жатыр. Ақпан айы, 2022 жыл.
Қытай азаматтары Ресей-Украина соғысына қатысты жаңалықтарды тыңдап жатыр. Ақпан айы, 2022 жыл.

Пекин Украинадағы оқиғаларға алаңдаушылық білдіріп, тараптарды "асығыс шешім қабылдамауға" шақырды. Қытай үкіметі қолдайтын халықаралық қаржылық ұйым Ресей және Беларусьпен қаржы операцияларын тоқтатты.

Ресми Қытай Ресей шабуылын тікелей айыптаудан қашқақтап, оны "соғыс" деп атамей келеді. Бірақ Қытай сыртқы істер министрі "тараптарды жағдайды ушықтырмай, асығыс шешім қабылдамауға және ядролық жабдықтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге" үндеді.

Бір күн бұрын Украина оңтүстік-шығысындағы Запорожье атом электр станциясын Ресей әскері атқылағаннан кейін станция өртенген. Артынша өрт сөндірілген. Оқиғаға Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (МАГАТЭ) алаңдады.

Азия инфрақұрылымдық инвестиция банкі (AIIB) 3 наурызда Ресей мен Беларуське қатысты қаржы операцияларын тоқтататынын хабарлады. Құрылғанына бес жыл толған аталған мекеменің айтуынша, "қаржылық мекеме басшылығы банк мүддесі үшін Ресей мен Беларуське қатысты барлық қызмет түрін тоқтатып, қайта қарастыру туралы шешім қабылдаған". Ресей – Азия инфрақұрылымдық инвестиция банкінің негізін қалаушылардың бірі және дауыс саны жағынан Қытай мен Үндістаннан кейін үшінші орында тұр.

Ресей экономикасы Украинадағы соғысқа байланысты салынған қаржылық және халықаралық санкциялардан зардап шекті. Сарапшылар Пекинді барған сайын халықаралық қауымдастықтан оқшауланып бара жатқан Мәскеудің сауда әрі дипломатиялық әріптесі санайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG