Accessibility links

Бішкекте Украинадағы соғысқа қарсы шыққан белсендіге айыппұл салынды


Бішкек соты.
Бішкек соты.

5 наурызда Ресейдің Бішкектегі елшілігі алдында Украинадағы соғысқа қарсы акция өткізген белсенді Мирлан Асакеевке 3 мың сом (30 доллар) көлемінде айыппұл салынды.

Адвокаты Ағзам Дүйшеналиевтің сөзіне қарағанда, белсендіге "Ұсақ бұзақылық" және "Ішкі істер органы қызметкерінің заңды талабына бағынбау" баптары бойынша айып тағылған. Нәтижесінде 6 наурызда Бірінші май аудандық соты оны алғашқы бап бойынша ақтап, екінші бап бойынша айыппұл салған.

Осыған дейін құқық қорғаушылар сенбі күнгі акция кезінде әйелдер мен балалар да ұсталғанын, кейін босатылғанын хабарлаған.

Ресей президенті Владимир Путин 24 ақпанда Украинаға әскерін кіргізіп, түрлі нысандарды атқылай бастаған. Содан бері мыңдаған адам опат болды, 1,5 млн адам өзге елдерге босып кетті. Қаза болғандар арасында бейбіт тұрғындар бар.

Орталық Азия елдерінің билігі Ресейдің Украинаға басқыншылығын айыптамады. Бірақ бұл елдерде азаматтық қоғам өкілдері, белсенділер, азаматтар Ресей агрессиясын айыптап, Украинаны қолдаған акциялар өткізіп жатыр. 6 наурызда осындай акция Қазақстандағы ең ірі қала Алматыда өтті. Оған бірнеше мың адам жиналды. Митингіде сөйлегендер Қазақстан билігі Кремльдің әрекетін қатаң айыптап, ұстанымын айқын білдіруі тиіс деп мәлімдеді. БҰҰ-да Ресей басқыншылығын айыптаған резолюция қабылданған кезде қалыс қалған Қазақстан билігінің әрекетін сынады.

Украина мен Ресей тарабы келіссөздің екінші раундында жақын арада бейбіт тұрғындарға арналған гуманитарлық дәліз ұйымдастыруға келіскен. Алайда бір күн бұрын Украина Мариуполь пен Волнавахада Ресей тарабының атысты тоқтатпағанын айтып, тұрғындарды көшіруді кейінге шегерген. Тараптар 7 наурызда үшінші рет кездеседі.

Батыс елдері Кремльдің әрекетін қатаң айыптап, санкция салды. Украинадағы әскери қылмыс бойынша халықаралық дәрежеде зерттеу басталды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG