Accessibility links

Ресей президенті жанындағы Адам құқығы туралы кеңес мүшелері: "Украинадағы ұрыс қимылдарын тоқтату керек"


Сәбиін алып, Ирпень қаласынан шығып бара жатқан адам. Украина, 6 наурыз 2022 жыл
Сәбиін алып, Ирпень қаласынан шығып бара жатқан адам. Украина, 6 наурыз 2022 жыл

Ресей президенті жанындағы Адам құқығы туралы кеңестің саяси құқықтар бойынша комиссиясы Ресейдің Украинаға басқыншылығы жөнінде үндеу қабылдады. Үндеу Ресей басқыншылығын тікелей айыптамайды, бірақ ұрыс қимылдарын дереу тоқтатуға шақырады.

Мәлімдеме мәтінін саясаттанушы Екатерина Шульман жариялады.

"Күткендегідей, Ресей әскерінің көрші елдегі ұрыс қимылдарының салдары, соның ішінде адам құқығына тигізетін зардабы ауыр болып отыр", – дейді үндеуде.

"Ресей мен Украинаның қазірдің өзінде кемі жүздеген азаматтары өлгені" және "кейінгі оқиғалар адам және азаматтың жеке құқығы мен көптеген әлеуметтік құқықтарын жүзеге асыруға кедергі" жасап отырғаны сөз болған. Көптеген интернет ресурстардың бұғатталғаны мысал ретінде келтірілген.

"Проблеманы шешу үшін әскер қолданудың құны тым жоғары болатынын кейінгі апта көрсетті. Украинадағы ұрыс қимылдарын жылдам тоқтатып, екі ел арасындағы қайшылықты келіссөз арқылы шешуге көшу керек" деп жазады құқық қорғаушылар.

Олардың жазуынша, "сөз еркіндігі мен өзге де негізгі бостандықтарға шектеу қойылмауы тиіс, ал әскер туралы жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жазаға тарту туралы заң қайта қарастырылуы керек".

Хатқа комиссияның 13 мүшесі қол қойған.

Ресей әскері Украинаға 24 ақпанда басып кірген. Украина жеріндегі шайқастарда мыңдаған адамның оққа ұшып, жараланғаны туралы мәліметтер шығып жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG