Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов Мақат ауданына Қаңтар оқиғасында наразылыққа шыққандар ұсынған кандидаттан өзге адамды әкім етті. Қаңтар оқиғасы кезінде Мақат ауданында наразылыққа шыққандар жаңа әкім тағайындауды талап етіп, басқа кандидат ұсынған еді.
Мақат тұрғындарының сөзінше, Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов жұма, наурыздың 5-і күні кешке Мақат ауданына келіп, аудан әкімі Шәкір Кейкиннің орнына Ринат Ибрагимовты тағайындаған.
Жергілікті "Мақат тынысы" газетінің тілшісі Асылбек Есжанның айтуынша, аудан әкімдігінде өткен әкімді таныстыру процесіне баспасөзді қатыстырмаған.
- Аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім басшылары ауысқанда аудандық басылым тілшілерін шақыратын. Бұл жолы шақырмаса да өзі естіп барған "Мақат тынысы" қызметкерін аудан әкімдігі аппаратының басшысы "жабық жиналыс" деп кіргізбей қойды,- дейді ол.
Биыл қаңтардың бас кезінде Жаңаөзенде болған наразылықты қолдаған Атырау облысы Мақат ауданы тұрғындары "қиын шақта аудан әкімі Шәкір Кейкин қашып кетті" деп санап, ауданда бейберекет жағдай болмас үшін Мақат ауданының белсендісі Ғазиз Ғабдуллинді әкім етіп сайлап алғанын айтқан еді. Мақаттағы мыңдаған адамның наразылығы мен "әкім сайлауы" және "халық сайлаған әкімнің халық алдындағы сөзі" әлеуметтік желіде жарияланған.
Азаттық тілшісімен сөйлескен Мақат ауданының тұрғындары "халықтың аудан әкімін өзі сайлағысы келетінін" айтқан.
Осы шараға қатысып, "әкім сайлау" туралы хаттамаға қол қойған аудандық мәслихат депутаттары Азаттыққа "жағдай шиеленіспесін деген оймен амалсыз келістік" деген болатын.
Наразылық күндері "халық сайлаған әкім" Ғазиз Ғабдуллинді қабылдап, сөйлескен облыс әкімі жағдай қалыпқа келген соң Мақат ауданына баратынын айтқан. Жағдай қалыпқа келген соң бұрынғы әкім Шәкір Кейкин қызметіне оралған.
"Ғазиз Ғабдуллинді Мақат ауданының әкімі қызметіне ұсыну туралы" аудандық мәслихат депутаттары хаттама жасаған кезде сол жерде болған аудан прокуроры таяуда басқа ауданға ауыстырылған.
Атырау қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 120 шақырым жердегі Мақат ауданы орталығы Мақат кенті мен Доссор кенті тұрғындары негізінен мұнай-газ кәсіпшілігінде, теміржол саласында жұмыс істейді. Атырау облысы Жаңаөзен қаласы қарайтын Маңғыстау облысымен шектеседі.
ПІКІРЛЕР