Accessibility links

Ақтөбе әкімдігі зейнет жасын төмендетуді талап еткен әйелдерге гүл таратты


Ақтөбе әкімдігінің өкілдері зейнет жасын түсіруді талап еткен әйелдерге гүл таратып жатыр. 8 наурыз 2022 жыл
Ақтөбе әкімдігінің өкілдері зейнет жасын түсіруді талап еткен әйелдерге гүл таратып жатыр. 8 наурыз 2022 жыл

Бүгін Ақтөбе қаласындағы Мәдениет үйінің алдында бір топ әйел Қазақстан үкіметінен әйелдердің зейнет жасын төмендетуді талап етті.

Жиынға плакат ұстаған бес әйел келді, кейінірек сол маңнан өтіп бара жатқан тағы үш әйел қосылды.

- Бұрын зейнет жасын төмендетуді сұрайтын едім, енді талап етуге көштім,- дейді қоғам белсендісі Ольга Смирнова.

Бұған дейін Ольга Смирнова зейнет жасын төмендетуді талап етіп жүрген тіркелмеген қозғалыстың Мәдениет үйінің алдында 8-наурызда митингі өткізетіні жайлы Ақтөбе әкімдігіне алдын ала хабар бергенін айтқан еді. Алайда әкімдік сол күні Мәдениет үйінің алды босамайтынын, мерекеге арналған концерт өтетінін алға тартып, рұқсат бермеген.

- Рұқсат бермесе де осылай шыға беремін, енді қорқатын түгім жоқ,- дейді Ольга Смирнова.

Плакат ұстаған бес әйелді белгісіз бес адам бақылап, видеоға түсіріп тұрды. Бастапқыда "рұқсатсыз жиын өткізгендерге әкімшілік шара қолданылуы мүмкін" деп ескерткен қалалық әкімдік өкілі әйелдер жарты сағат тұрып қайта бастағанда, қолдарына бір тал гүлден берді.

Әйелдердің зейнет жасын төмендетуді қолдайтын, тіркелмеген қозғалыс мүшелері осыған дейін Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында пикет өткізіп, "Зейнетақы туралы" заңды өзгертуді талап еткен. Олар президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа онлайн петиция жолдап, оған мыңдаған адам қол қойған. Петицияны қолдаушылар "Әйелдер зейнет демалысына – 58 жасында, ал мүгедек баласы бар әйелдер 55 жасында шығуы тиіс" деп санайды.

Қазақстанда 2018 жылдан бастап ерлер мен әйелдердің зейнет жасы теңестіріле бастаған. Заңға сәйкес, 2027 жылдан бастап әйелдердің зейнет жасы жыл сайын жарты жылдан көбейеді. Бұрын әйелдер 58 жаста шықса, енді 63 жаста шығатын болады. Ал ерлер бұрынғыша 63 жаста зейнетке шығады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG