Accessibility links

Ұлттық банк теңгені құлдыратпау үшін 200 миллион доллар сатты


Қазақстан ұлттық банкі теңге бағамын ұстап тұру үшін 9 наурызда 198,9 миллион долларға валюта интервенциясын жасағанын хабарлады. Саудадағы ұлттық банктің үлесі 94,4 пайыз болды.

Қазақстан қор биржасында (KASE) жұма күні АҚШ долларының орташа курсы 504 теңгеге жақын болса, мейрамнан кейінгі алғашқы саудада 510 теңгеге жетті.

Мұның алдында Қазақстан ұлттық банкі қор биржасымен бірлесіп, теңге-доллар валюта жұбы саудасының регламентін өзгерткенін хабарлаған. "Теңге – АҚШ доллары валюта жұбы саудасы 9 наурызда Нұр-Сұлтан уақытымен 15-те ашылады және ол Франкфурт аукционы форматында өтеді. Құбылмалық пен сыртқы факторлардың қысымы жағдайында валюта нарығында тұрақсыздық болдымау үшін осындай шешім қабылданды" деп мәлімдеді Қазақстан ұлттық банкі.

Сонымен бірге 9 наурызда ұлттық банк негізгі ставканы жылдық 13,5 пайыз деңгейінде қалдыратынын хабарлады. Баспасөз хабарламасында ставканың бұл деңгейі "Ұлттық банктің геосаяси тәуекелдер мен инфляциялық процестердің жылдамдау қаупіне берген жауабы" екені айтылған. Бұған қоса, "ішкі және сыртқы макроэкономикалық ахуал" нашарлаған жағдайда монетарлық шарттарды қатайта түсуге мүмкіндік бар делінген.

Ресей әскері Украинаға басып кіріп, әлем елдері Мәскеуге санкция салған соң рубльдің құны күрт түсіп, бұл теңгенің долларға шаққандағы бағамына да қатты әсер етті. Соғыс басталғалы теңгенің курсы төмендеп жатыр.

Қазақстан ұлттық банкі теңгені ұстап тұру үшін валюта интервенциясын жасап жатыр. Ұлттық банк теңге курсын сақтау мақсатында ақпанның соңындағы бірнеше күнде 137 миллион доллар жұмсаған. 1-5 наурыз аралығында ұлттық банк 534,3 миллион доллар сатты, ресми дерек бойынша саудадағы ұлттық банк үлесі 60 пайыз болды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG