Accessibility links

Сот "Демпартия" белсенділерін азалы митингіге қатысқаны үшін жауапқа тартты


"Демпартия" белсендісі Нұрбол Бәйтереков. Алматы, 10 наурыз 2022 жыл.
"Демпартия" белсендісі Нұрбол Бәйтереков. Алматы, 10 наурыз 2022 жыл.

Алматы әкімшілік соты демократиялық партия құрғысы келетін бастамашыл топ өкілдері Нұрбол Бәйтереков пен Абзал Достияровты 13 ақпан күнгі қаралы митингіге қатысқаны үшін жауапқа тартты. Сот "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзғаны үшін" Нұрбол Бәйтерековке 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (153 мың теңге немесе 301 доллар) айыппұл салды. Дәл осы баппен айыпталған Абзал Достияровты 20 тәулікке қамады.

Бәйтерековке сот шешімі – 10 наурызда, Достияровқа 9 наурызда шыққан. Екі белсенді де сотта тағылған айыптарды мойындамады.

"13 қаңтарда азалы митингіге барғаным рас, билікті сынағаным рас, ол менің азаматтық ұстанымым. Заң бұздым деп санамаймын" деді Нұрбол Бәйтереков 10 наурызда соттан шыққаннан кейін. Оның айтуынша, сот оның 11 жасар қызын жалғыз тәрбиелеп отырғанын ескерген. Бейсенбі күні таңертең полиция оны үйінен әкеткен еді. Белсенді онлайн сотқа полициядан қосылды.

Екі белсендіге тағылған айып 13 ақпан Алматыда өткен Қаңтар қырғыны құрбандарын еске алу митингісімен байланысты. Өткен аптада да бірқатар белсенділер осы жиынға байланысты әкімшілік жауапқа тартылды.

13 ақпанда Алматының Республика алаңында жүздеген адам қатысқан Қаңтар құрбандарын еске алу шарасы өткен. Оған елдегі түрлі саяси күштер, белсенділер, қала тұрғындары қатысты. Жиналғандар Қаңтар оқиғасын тәуелсіз зерттеуді, ұсталғандарды азаптауды тоқтатуды талап еткен. Кейбір адамдар президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа импичмент жариялау туралы да ұсыныс айтқан.

Билік оның алдында белсенділерге азалы митинг өткізуге рұқсат бермеген. Әкімдік өтініш тапсырушылар көрсеткен орын "ресми түрде митинг өткізетін орындарға жатпайтынын" алға тартып, келісім бермеген еді.​

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG