Accessibility links

Тоқаевтың "реформалар бойынша" үндеуі қарсаңында HRW Қазақстан билігіне зорлық-зомбылық мәселесін еске салды


Әйелдер шеруінде плакат көтеріп тұрған қыз. Алматы, 8 наурыз 2022 жыл.
Әйелдер шеруінде плакат көтеріп тұрған қыз. Алматы, 8 наурыз 2022 жыл.

Халықаралық Human Rights Watch адам құқығын қорғау ұйымы Қазақстан билігін тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағандарды қылмыстық жауапкершілікке тартуға мүмкіндік беретін қадам жасауға шақырды. 9 наурыз күнгі мәлімдемесінде халықаралық ұйым елде жыл сайын жүздеген әйел тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шегіп, мүмкіндіктері шектеулі дағдарыс орталықтарын паналауға мәжбүр болатынын жазған.

"16 наурыз күнгі халыққа жолдауында Тоқаев саяси және әлеуметтік реформалар бойынша жаңа қадамдарын жариялайды. Тұрмыстық зорлық-зомбылықты қылмысқа жатқызу солардың бірі болуы тиіс, зорлық-зомбылықтың алдын алуға мүмкіндік беретін тиісті шаралар қабылданып, [зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдер] арнайы орталықтардан бөлек, медициналық, психологиялық және заңгерлер көмегімен қамтамасыз етілуі тиіс. Халықаралық әйелдер күні өткен наразылық құптарлық қадам. Енді үкімет митингіге қатысушылардың әйелдер құқығы бойынша қозғаған мәселелеріне құлақ түруі тиіс" деп жазылған мәлімдемеде.

Халықаралық ұйым әкімдіктің белсенділерге әуел баста митинг өткізуге рұқсат бермегенін, кейін өтінішті қабылдағанмен шеру жасауға мүмкіндік бермегенін атап өткен.

8 наурызда Алматыдағы Шоқан Уәлиханов ескерткіші алдына мыңнан астам адам жиналып, әйелдер құқығын жүзеге асыруды, гендер саясатын талап еткен. Жиында сөйлегендер әйелдердің зейнет жасын төмендетіп, 58 жасқа түсіруді, әйелдерге зорлық-зомбылық жасауды тоқтатуды, әйелдерді мемлекет басқару ісіне араластыруды талап етті.

Қарай отырыңыз: "Әйелдің орны саясатта". 8 наурыздағы әйелдер митингі қалай өтті? (8 наурыз 2022 жыл).

"Әйелдің орны саясатта". 8 наурыздағы әйелдер митингі қалай өтті?
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:00 0:00

БҰҰ мәліметінше, Қазақстанда жыл сайын шамамен 400 әйел тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбанына айналады. Қазақстанның ресми статистикасы да барған сайын зорлық құрбандарының көбейіп бара жатқанын көрсетеді. Бұған құқық қорғаушылар мен қоғам белсенділері назар аудартуға тырысып келеді. Олар бұған дейін тұрмыстық зорлық-зомбылық бабын Қылмыстық кодекске енгізуге шақырған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG