Accessibility links

Байқоңырда полиция соғысқа қарсы шыққан құқық қорғаушыны ұстап, "алкоголь ішкен-ішпегенін" тексерген


Байқоңырда жүрген ресейлік полицейлер.
Байқоңырда жүрген ресейлік полицейлер.

Ресей Қазақстаннан жалға алған Байқоңыр қаласында 4 наурызда құқық қорғаушы Марат Дәулетбаев Ресейдің Украинаға басқыншылығына қарсы бір адамдық пикетке шыққан. Бұл туралы Қазақстандағы адам құқығы жөніндегі бюросы хабарлады.

Дәулетбаев қаладағы Ленин ескерткіші маңында бес минуттай ғана тұрған, кейін оны ресейлік полицейлер бөлімшеге апарған. Полиция құқық қорғаушыны екі жарым сағаттай ұстап, арақ ішкен-ішпегенін тексерген.

"Ресейлік полицейлердің логикасына салсақ, адам арақ ішкен я есірткі шеккен адам ғана соғысқа қарсы шығады екен" деді ол.

24 ақпаннан бері әлемнің түпкір-түпкірінде Ресейдің Украинаға басқыншылығына қарсы наразылықтар өтіп жатыр. Мұндай қарсылық Ресейдің ішінде де болды. "ОВД-Инфо" құқық қорғау ұйымының есебінше, Ресейде соғысқа қарсы шыққан 14 мың адам ұсталған.

Ресей Байқоңыр қаласы мен космодромды 2050 жылға дейін Қазақстаннан жалға алған. 10 наурызда интернетте Байқоңырды Қазақстанға қайтаруды талап еткен петиция жарияланған. Петицияны Әлия Маратқызы Байқоңырда оқушылардың қатысымен өткен Ресей әскерилерін қолдаған акциядан соң ашқан.

Бірнеше күн бұрын "Роскосмостың" директоры Дмитрий Рогозин твиттерде "Байқоңырда Ресей президенті ВладимирПутин мен Ресей қарулы күштерін қолдау акциясы өтті" деп жазған.

Рогозиннің сөзінше, шараны Байқоңыр қаласы әкімшілігі, "Роскосмос" қызметкерлері және "Байқоңыр болашағы" жастар қозғалысы ұйымдастырған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG