Утилизация алымын жинаумен айналысқан "Оператор РОП" компаниясының бұрынғы бас директоры Медет Құмарғалиев 20 миллиард теңгеден астам қаражатты жымқырды деген күдікке ілінді. Бұл жөнінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Телеграм арнасы хабарлады.
"Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі "Оператор РОП" ЖШС бұрынғы бас директорына қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады" деп жазылған ведомство хабарламасыда. Ақпаратқа қарағанда, ол 2016-2021 жылдар аралығында көлік утилизациясының құнын жоғарылату арқылы кәсіпорынның 20 миллиард теңгеден астам қаражатын жымқырды деген күдікке ілінген.
Сот санкциясымен қамауға алынған.
- "Оператор РОП" компаниясы экс-президенттің кіші қызы Әлия Назарбаевамен байланысы бар деп айтылады. Бұған дейін билік аталған компанияға кейінгі бес жылда 691,9 млрд теңге қаражат түскенін, утилизация алымын жинауда ашықтық болмағанын айтқан.
- Оның алдында президент тапсырмасынан кейін үкімет аталған операторды утилизация алымын жинау құқығынан айырып, функцияны "Жасыл даму" компаниясына тапсырған.
- 26 қаңтарда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі "Оператор РОП" компаниясының төрағасы Медет Құмарғалиев пен экология вице-министрі Ахметжан Пірімқұловтың тергеу изоляторына қамалғанын хабарлаған.
- Бұған дейін премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр Қазақстанда автокөлік және ауыл шаруашылығы техникасына утилизация алымының мөлшері 50 пайызға азаяды деп мәлімдеген. Қазір елде мұндай алым мөлшері көлік көлеміне қарай 437 мың теңгеден басталып, 5,9 миллион теңгеге дейін барады.
ПІКІРЛЕР